С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толуына орай «Мәслихат – халық билігінің бастауы» атты мерекелік шара өтті. Еліміздің мемлекеттік Гимні орындалғаннан кейін аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау сөз сөйледі.
-
Құрманғазы ауданының мәслихаты 30 жыл бойы халықтың сенімін ақтай отырып, елдің бірлігі мен тұрақтылығы үшін еңбек етті. Сіздер – халық пен билік арасындағы алтын көпірсіздер. Әлеуметтік-экономикалық даму процестерін қалыптастыру сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Депутаттар әрқашан бюджетті қалыптастырудан бастап, инфрақұрылымды жақсартуға және әлеуметтің әлеуетін көтеруге дейінгі маңызды мәселелерге назар аударады. Сіздер өз міндеттеріңізді абыроймен атқара беретіндеріңізге сенімдімін – дей келе, аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы өкілді органның төрағасы Гүлжанат Қалиеваға құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады. «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медалімен халық қалаулылары болған бүгінде ардагер ағаларды ұлығылап, облыс әкімінің алғыс хатын белсенді депутаттарға ұсынды. Облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Арман Хайруллин өз сөзінде мәслихат – азаматтардың мүдделері мен билік тетіктері ұштасатын алаң екендігіне тоқталып, ондағы депутаттар әртүрлі партиялар мен кәсіптерден болғанымен, ортақ мақсат - халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді дамыту болып табылатынын жеткізді. Облыстық мәслихат төрағасының алғыс хатын және мерекелік медальді бұрынғы және қазіргі шақырылым депутаттарына табыстады. Бірнеше шақырылым мәслихат хатшысы болған Рифхат Сұлтанияев сахна төріне көтеріліп, өкілді органдағы жұмыстарын еске алып, бүгінгі депутаттарға азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамаларды іске асыруға сәттілік тілеп, сала ардагерлеріне құрмет көрсетті. Академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев мәслихаттың басты мақсаты – халық игілігіне қызмет ету екендігін атап өтіп, ізгі тілегін жолдап, марапаттар легін жалғастырды. Бірнеше шақырылым депутат болып, мәслихат хатшысы қызметін атқарған Болат Жүгінісов мерекелік жылы лебізін білдірсе, облысымыздың 6 ауданынан келген мәслихат төрағалары және облыстық мәслихат депутаты Зәмзагүл Карсакова ақжарма тілектерін жеткізіп, құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Соңында аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева өкілді органның жемісті қызметін, депутаттардың сіңірген еңбегінің маңыздылығын атап өтіп, оларға өңірдің дамуына және халықтың әл-ауқатына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Мәслихат хатшысы қызметін атқарған Рифхат Сұлтанияев, Бержан Кенжебаев, Болат Жүгінісовке қазақы ою-өрнекпен көмкерілген шапан тарту етті. Мерекелік салтанатты жиын аудан көркемөнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Айнагүл Шакупова