Аудандық мұражайда «Өренді өлкетанушы» клубының кезекті жиналысы өтті. Клуб төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев отырысты ашып, мақсатын түсіндіріп, қатысушылардың пікірлерін сұрады. Қолға алынған жұмыс округтердің шежіре кітабын шығару барысы тағы бір рет пысықталды.
«Өренді өлкетанушы» клубының мүшелері – аузы дуалы, айтары мол белсенді ақсақалдар мен жастар өз пікір-пайымдарын жеткізіп, ұсыныстарын айтты. Бүгінде қолданыстан қала бастаған кейбір салт-дәстүрлеріміз жайлы әңгіме қозғалып, олардың заман ағымымен қалай үндесетіні ой таразысына салынды.
Қазақстан Журналистер одағының және аталған клубтың мүшесі Жұмақай Ғұмаров: – Қазір кей жерлерде жігіт пен қыздың ата-анасы кафеде отырып, тойларын қашан өткізуді келісе салатын болып жүр. Мүмкін шығынданбайын деп солай ететін шығар. Десек те, құда түсудің жөні бөлек емес пе? Бұл ежелден келе жатқан салтымызға кереғар келмей ме? Бұрын құдалыққа барғанда сөзге шешен, тәжірибелі, өсиетте айта алатын адамды басшы етіп жіберетін. Бүгінде кейбіреулер не үшін барғанын, өз орындарын білмейді. Өткен заманда тойда құдалыққа келгендерді сол жаққа барып келгендер таныстыратын. Енді, оны құдалардың өздері жасайды. Осының өзі салтымызды білмегендіктен деп санаймын. Қазақтың көп ырым-тиымдарын ұмыта бастадық, – деді.
Клуб мүшелерінен С.Мұқанов, Абай атындағы орта мектептің директорлары Күнсұлу Сүйінова, Жамал Хасанова шежіре кітапқа батыстың салттары енсе және ол келер ұрпақтың миы қатып кетпейтіндей етіп бір жүйемін жазылса, оны оқушыларға тәрбие құралы, оқулық дәрежесінде пайдалануға болар еді деген ұсыныстарын ортаға салды. Оны білім беру саласының ардагері Ақтілек Хамитова дәстүрлерді кітапта жапатармағай қайталауға көшпей әрқайсысын жеке бір адам жазса деген салмақты пікірімен сабақтады.
Белсенді жас, Қазақстан Журналистер одағының және аталған клубтың мүшесі, Имашев орта мектебінің мұғалімі Ұлан Иманғали: – Біздің ауылда қазақ пен орыс құда болса, халқымыздың салтын құрметтеп қазақ құдаларына құйрық-бауыр жегізеді. Бала қырқына толғанда орыс әйелі қазаққа шыққан қызына келіп, 40 қасық суға түсірген, – деп бұрын бір адам қайтыс болса, күзетте тұратынын көре қалғанын, қазір олай етпейтінін, қадеге барған адамдардың көңіл айтуына көңілі толмайтынын жеткізді.
Басқа да өлкетанушылардың пікірлері тыңдалған соң «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев: – Айтуларыңыз орынды! Мұның бәрін ескеріміз. Біздің көксеп отырған басты мақсатымыз – округтердегі елді ояту. Ондағы адамдарды ойландыру. Осы жұмысқа тарту. Халықты, әсіресе, жұмыссыз жүргендерді туған жерінің тарихын, салт-дәстүрін білуге, оның кітапқа енгізуге атсалысуға ынталандыру. Сол арқылы олардың өткенге құрметі, бүгінімізді қадірлеуге құлшынысы артады. Әйтпесе, қатысып отырған өлкетанушыларға мына салтты жаз деп бөліп бере салу қолымыздан келеді. Барлық округте де жазатын нәрсе жоқ емес. Жиналыс өткізіп халықты шежіре кітап шыққалы жатқанынан құлақтандыруымыз қажет. Кітапқа бүгінгі өміріміз де енетін етіп дайындауымыз керек, – дей келе, қалай жазылуы керектігін айтып, жер реңі, флорасы, топономикасы, этнографиясы мен фольклоры, мекеме қашан, кіммен, қандай бағытта құрылғаны назардан тыс қалып қоймауын тапсырды. Одан әрі мамыр айында өлкетанушылардың облыстық І конференциясы өткелі отырғанын жеткізіп, оған баяндамалар дайындаулары қажеттігін қаперге берді. Бұл жөнінде аудандық мұражайдың директоры Жазира Мадирова қосымша түсіндіріп, ақпараттық бетшелер таратты.
Қанат ҒҰМАРОВ