Аудандық мәслихатта – жаңа төраға

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық мәслихат төрағасы болып Қалиева Гүлжаннат Ғаділханқызы сайланды. Бүгін сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың бірінші сессиясында мәслихат төрағасына ұсынылған кандидаттарды сайлау ашық дауыс беру арқылы өтті. 

Аудандық мәслихат депутаттарының ашық дауыс беру нәтижесімен Гүлжаннат Ғаділханқызы аудандық мәслихат төрағасы болып сайланды. Сессияға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов жаңадан сайланған мәслихат төрағасы Гүлжаннат Ғаділханқызына депутаттық корпус пен атқарушы органдар арасындағы жұмысты одан әрі жандандыруына және алдағы қызметіне сәттілік пен табыс тіледі.

Өз кезегінде Гүлжаннат Қалиева өзін қолдап сенім білдірген депутаттарға алғысын жеткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай қызмет ететінін айтты.

Қалиева Гүлжаннат Ғаділханқызы 1976 жылы 2 ақпанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылында дүниеге келген. 1991 жылы 8 сыныпты бітіріп, Атырау облысындағы Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық училищеге түсіп, мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі мамандығы бойынша білім алды. 1995 жылдың тамыз айынан бастап Еңбекші жалпы орта мектебінде алғашқы педагогикалық жұмысын жатақхана тәрбиешісі болып бастаған. 1999-2005 жылдары Еңбекші орта мектебінің мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешілік қызметін атқарды. 1998-2002 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Бастауыш сыныпты оқыту әдістемесі» бөлімі бойынша бітірді. 2005-2014 жылдары аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскері, 2014-2017 жылдары әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметін атқарды. 2017 жылдан бері Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің директоры.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT