Аудандық ардагерлер кеңесінің семинары өтті

(0 Votes)

Аудан әкімінің үлкен мәжіліс залында «Өренді өлкетанушы» клубының және аудандық ардагерлер кеңесінің бірлескен семинары өтті. Семинардың бірінші бөлімінде оны ашып, жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов өлкетану жұмыстарына белсенді араласқан С.Мұқанов және Ы.Алтынсарин атындағы мектептердің директорлары Күнсұлу Сүйінованы, Алтын Қаменованы, С.Имашев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлан Иманғалиевті ауданның Құрмет грамотасымен марапаттады.

«Өренді өлкетанушы» клубының жетекшісі, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы «Ардагерлер – ауыл шежіресі» атты жинақ шығару бойынша аға буын өкілдерінің белсенділік танытуын, осы мақсатта аударгерлер кеңесімен бірлескен семинар өткізіліп отырғандығын айтып, клубтың жаңа мүшелеріне куәлік тапсырды.

Клуб мүшесі, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов жақында ғана баспадан шыққан «Шеркеш мәмлүк сұлтандары» атты кітаптың мазмұнымен қысқаша таныстырды. -  Ортағасырлық Мысыр мемлекетін бірнеше жыл шеркеш сұлтандары басқарған. Сақталған тарихи мұрағаттан. Барқұқ, Мұнайнад Шайх, Барысбай, Шақпақ, Инал, Құшқадам, Қансұқ, Қайтпай, Қансұқ Гури, Тұманбай және басқа да сұлтандар туралы біраз деректер бар. Олар тұрғызған кешендерінің басым көпшілігі мемлекеттің қорғауында. Мысыр елінің астанасы Каир қаласының көне бөлігінде шеркеш сұлтандары салдырған мешіт, медресе, сопыларға арналған үйлер, басқа да ғимараттар алғашқы қалпын бұзбастан сақталып тұр. Бұл ғимараттар Каир қаласының сән-салтанатын асыруда. Шеркеш сұлтандары салдырған құрылыс кешендері орналасқан жерді арабтар «мәмлүктер сахарасы» деп атайды екен. Байбарыс сұлтанның заманында бұл ашық далалық жер болыпты. Оны әскерлер жаттығу өткізетін орын ретінде пайдаланған көрінеді. Қалалық кешендер шеркеш сұлтаны Барқұқ билікке келгесін салына бастаған да, кейінгі сұлтандар құрылыс жұмыстарын жалғастырған. Бұл кешендердің аумағы өте үлкен. Оларға арнайы зерттеулер жүргізіліп, ғылыми еңбектер жазылған. Солардың бірі – «Шеркеш мәмлүктер дәуіріндегі мұсылман архитектурасы» атты көлемді зерттеу еңбегін арабтың тарихшы ғалымы Атия Абулхафиз Египет еліне барғанымда сыйға тартты, - деп Мысыр мемлекетін ең ұзақ билеген шеркеш сұлтаны Қайтпай, дарға асылса да өлі денесі тізесін бүкпеген Тұманбай туралы қызықты мәліметтер келтіріп баяндап берді.

Семинардың екінші бөлімінде аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Ғизатолла Мүрсәлиев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестіктің жаңа редакциядағы бастауыш ұйымдардың ережесімен, басқа да ұйымдастырушылық талаптармен таныстырып өтті.

Кеңестің тексеру комиссиясының төрағасы Шапхат Мұфтахов ұйымның қаржылық жағдайын жақсарту, бұған демеушілерді тарту қажеттігін айтты.

Айбек МЕЙІРМАН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT