Аудандық, қалалық білім бөлімдері облыстың құзырына беріледі

(0 Votes)

Елімізде аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстық білім басқармасының құзырына беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Білім жəне ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты. 2019 жылғы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған еді.

«Жаңа заң арқылы Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарын қаржыландыруды аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауыстыруды көздеп отыр. Одан білім беру жүйесінде не өзгереді? Білім беру ұйымдарын қаржыландыру өңірлердегі облыстық бюджеттен тікелей бөлінеді. Ал аудандық, қалалық білім бөлімдерін дербес заңды тұлға ретінде қаржыландыру жалғасады. Бірақ, барлық бюджеттік қаражатты реттеу жұмыстары орталықтандырылып, облыстық бюджеттен жүзеге асады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қаржыландырудың дәл осы формасы білім беру ұйымдарын қаржыландыру деңгейін көтереді.

«Қазір барлық деңгейде - мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғарғы білім беруде жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру жүріп жатыр. Бұл білім беру ұйымдарындағы қаржыландыру процесін оңтайландырады және білім беру сапасын жақсартады. Одан бөлек, аудандық білім беру басқармаларының басшыларын тағайындау жүйесі өзгереді», - деді Б. Асылова.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, аудандық және қалалық білім беру басқармаларының басшыларын тағайындау облыстық басқармамен келісіледі. Сәйкесінше, жұмыстан шығу тәртібі де облыстық білім басқармаларының мақұлдауын қажет етеді. Ал облыстық білім беру басқармаларындағы тағайындау мен жұмыстан шығаруды ҚР Білім және ғылым министрлігі реттемек.

Автор Айжан Серікжанқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521