Ауданда жауын-шашыннан жиналған суды тазарту жұмыстары жүруде Биылғы қыс мезгіліндегі ауа райы өзгеше басталып, біресе аяз күшейсе, бір ауық күн жылынып кетіп жүр.
Соңғы кезде ауданымызда жауған қар мен нөсердің салдары аудан тұрғындарына біршама қолайсыздықтар туғызғаны анық. Әсіресе ауылішілік жол жүргізілмеген және құрылысы аяқталмаған жолдары бар ауылдық округтерде тұрғындар қатынасын қиындатуда.
Бұл ретте, мәселені оңтайлы шешу мақсатында аудандағы коммуналдық мемлекеттік мекемелер балансындағы, ауылішілік жол құрылысына жауапты «Атырау жолдары» мердігер мекемесінің арнайы техникалары жұмылдырылуда. Қазіргі таңда, жиналған судан тазарту жұмыстары ауқымы үлкен Құрманғазы ауылдық округі, Хиуаз, Ақкөл және Орлы ауылдарында жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, Құрманғазы ауылдық округі бойынша орталық Нәжімеденов, Испуллаев, Афанасьев көшелері , Үлкен Кресті, Кіші Кресті, РТС, ПМК 29, Бұзауслан ауылы көшелерінің ойпат жерлеріне жиналған сулардан тазарту жұмыстары атқарылды.
Аталған ауылдық округтегі жұмыстарға барлығы 7 дана арнайы техника, 1 дана мотопомпа, 11 адам күші жұмылдырылып, 822 текше метр су шығарылды. Осы ретте, айта кету керек, аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен қосымша арнайы техникалар да жұмылдырылды. «Зере» , «Төбеаралойл» Габбасов Хамат ағамызға, «Самат» дүкені иелері және жеке кәсіпкерлер Ернар Сарсенбаев, Жеңіс Абулхайров, Бекес Сарсенғалиев, Роман Рахимов, Денис Башмаков, Алтынбек Дайынов, Еркебұлан Мырзағалиев сынды азаматтарға алғысымызды білдіргім келеді.
Ал, Ақкөл ауылдық округіндегі су тазарту жұмыстарына да ауылішілік жол құрылысына жауапты «Атырау жолдары» мердігер мекемесінің техникалары жұмылдырылып, әлеуметтік нысан, көше бойлары судан тазартылуда. Одан бөлек Жыланды - Қиғаш жолдарын тегістеу, Хиауз, Жыланды ауылының ішкі жолдарына топырақ төсеп тегістеу жұмыстары басталады. Ауылдық округтердегі көше бойына жиналған сулардан тазарту жұмыстары жалғасын таба бермек.