Жан-жағын су қоршаған Құрманғазы ауылының табиғаты ерекше көз тартады.
Солтүстік жағындағы республикалық Атырау-Астрахан автокөлік жолымен жүрсеңіз ауылымыздың жасыл желекке малынып тұрғанын байқайсыз. Неткен сұлулық! Көресіз де сүйсінесіз. Одақ тұсында аудан орталығында үлкен саябақ болды. Ауылдың ең көрікті жері еді. Ішінде теректің неше түрі өсетін. Соны қорғап қала алмадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарда, отын қымбатсып кеткенде ішіндегі теректер түгелге жуық оталып пештердің көмейіне кетті. Біз кездері таза ауа тарту еткен теректер, енді ел ертеңі үшін құрбан болып, үйлерге жылу сыйлады. Кейін сол саябақтың көлемі кішірейіп, күтімсіз қалып, мүшкіл халге ұшыраған. Жыл сайын ішіне тал егілгенімен оларды қарайтын адам болмағандықтан қурап кететін. Соңғы жылдары осы саябақ жанданды. Ішіндегі теректер де күтімге алынып, көрікті орынға айналды. Сол сияқты ауылымыздың басқа жерлерінде де егілген жасыл желектер өспей жатып солмай, бой түзей бастады. Мұның себебі неде? Табиғатқа деген көзқарасамыз өзгерді ме?
– Себебі, ауылымызды көгалдандыруды күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі ретінде округ әкімі Абдуррахман Рахметұлы өзінің бақылауында ұстап отыр, - дейді Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы Нұрболат Қайырмеденов – Көгалдандыру жұмысымен биыл «Күнке» жеке кәсіпкерлігі айналысуда. Аудан орталығы – Құрманғазы ауылындағы «Темірәлі» мешітінің алдындағы, «Тәуелсіздік» саябағындағы, аудан әкімдігі алдындағы Орталық, «Тәуелсіз жастар» және РТС елді мекеніндегі орталық қоқыс алаңындағы, Самаркин, Бұзауслан және ПМК елді мекендеріндегі теректер мен талдардың түптеріндегі топырақтар аршылып, су жүретін арықтары тазаланды. Округ көлемінде өсіп тұрған теректер мен талдар және барлық жасыл желектер толықтай қоршалды. Жыл басында жасақталған техникалық тапсырмаларға сәйкес, аталған алаңдар мен қоршаулардағы талдарға күтім жасау, кесу және әкету жұмыстары уақытында жүргізілді. Құлпырып көз тартып тұрған жасыл желектердің 20 пайызы су айдау насостары, 80%-ы водовоз автокөлігімен тасымалдау арқылы суарылып келеді. Қазіргі уақытта көгалдандыру жұмысына 1 дана водовоз автокөлігі мен 2 су айдау насостары пайдаланылып отыр.
Жоспарға сай сәуір айында 500 түп тал, мамыр айында 3000 дана гүл отырғызылып, қазір оларды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Талдар мен гүлдер аптасына екі рет қандырылып суарылады. Су жүретін арықтарды тазалау,арам шөптерден арылту жұмыстары күн құрғатпай жүйелі түрде жасалуда. Ауылдағы жасыл желектердің өсу барысы үзбей бақыланып, түрлі себептермен шықпай қалған терек, талдар жаңасымен ауыстырылады. Болашақта алдымызда Құрманғазы ауылындағы жасыл желектерді көбейту үшін ең алдымен қоршауларын жүргізу мен суару жүйесін қалыптастыруды шешу мәселелері тұр. Жасыл желектің өсуіне тұрғындардың үй жануарларын, соның ішінде түйе малын қараусыз қалдыруы, олардың ауыл ішіне кіріп теректерді сындырып, қоршауларды қиратып кетуі қиындық туғызуда. Адамдардың денсаулығына қатысты санитарлық тазалық пен көгалдандыру ұғымдары егіз. Оларды бөле-жара қарауға болмайды. Осыны тұрғындар түсінсе екен дейміз.
Нұрболаттың айтуы орынды. «Ағаш ек, тал ек, туған жерді түлет», дегендей, ауданымыздағы жасыл желектердің саны жыл сайын толығып отырса ауамыз да тазарады. Сенбіде қаладан ауылға келіп демалып кететін жерлестеріміз бар. Туған жеріміз бұрынғыдан да көркейе берсін десек, бой көтерген жас талдарға қамқор бола білейік. Сонда жанға жайлы саф ауамен тыныстаймыз.
Қанат ҒҰМАРОВ