Ауданымызға есімі белгілі қарымды қаламгер, спорт және журналистика саласының ардагері, көрнекті қылқалам шебері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Мадат Хамзаұлы Сәрсекеев мерейлі 80 жасқа толып отыр. Осыған орай аудан әкімі Абат Жанғалиев мерейгерді қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдауға аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, бөлім басшылары, Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің ардагерлері мен редакция ұжымы қатысты.
Мерейгерді аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы құттықтап: – Мадат Хамзаұлы ағамыз ұзақ жылдар қаламгерлікпен айналысып, ауданымыздың тарихында өзіндік ізін қалдырған азаматтардың бірі. Журналистикадағы ұмытылмас жылдарында елдің ыстық ықыласына, сый-құрметіне бөленді. Туған жерінің қайталанбас тұлғаларын, жасалып жатқан жұмыстарды газет бетінде жариялап, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге үлкен үлесін қосты. Ағамыз журналистиканың ғана емес, сонымен қатар, оған дейін спорт саласының майталманы ретінде салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуда аянбай еңбек етті. Жақында ғана ағамыздың құрметіне жасөспірімдер арасында кіші аяқ добынан аудандық турнир ұйымдастырылған болатын, – деп ізгі тілегін жеткізіп, Құттықтау хатымен, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен ұлығылады.
Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова: – Осы белеске үлкен бедел биігінде жетіп отырсыз. Біз сізді сегіз қырлы, бір сырлы ардагер ретінде құрметтейміз. Себебі, журналистік қарымыңыздан бөлек, суретшілік қабілетіңізді, аудан спортына қосқан өлшеусіз үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Өзіңіз саналы ғұмырыңызда адал еңбек етіп, журналистика саласында зор үлес қосып, айырықша қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, газетімізде жасай жүріп облыстың, ауданның жаңалықтарын халыққа бүкпесіз ашып жеткізіп, дер кезінде хабардар етіп, өзекті мәселелерді уақытында көтеріп, баспасөздің бұқара мен билік арасындағы алтын көпір екендігін дәлелдедіңіз. Редакциямызда да аға буын өкілі ретінде артыңыздан ерген ізбасарларыңыздан ақыл-кеңесті аямай, қолдау білдірдіңіз. Әлі де оқырманнан қол үзбей, жоғары бағасын алып, әлеуметтік желіде де белсенділік танытып, біздің қоғамдағы кез-келген оқиғаға бейжай қарамай, орнымен көтеріп жүрсіз, – дей келе, қабылдау ұйымдастырған аудан әкімдігіне ризашылығын білдіріп, ұрпақтарыңыздың қызығына бөленіп, жапырағыңыз жайқалып аман отыра беріңіз деп, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Нұрболат Елеусіновтің, редакция ұжымының
Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын ұсынды.
Редакция ардагерлері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын Таңатар Дәрелов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудан энциклопедиясының бірнеше шығарылымының авторы Асқар Ғұмаров сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдың атына ізгі лебіздер білдірді, кезінде Одақтың суретшілер көрмесінде туындылары қойылғанын мақтанышпен еске алды. Мерейгердің спорттан әлі де қол үзбегенін тілге тиек етті.
Көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген Мадат Хамзаұлы аудан әкімдігіне, ардагер әріптестеріне, редакция ұжымына алғысын жеткізіп: – Аудандық «Серпер» газетінде 14 жыл істеп зейнеткерлікке шықтым. Қиын уақытта жұмыс жасағанымызды жиі еске аламын. Кезінде қорғасын әріппен газет шығарып жүрдік. Кейін компьютерге ауысқаннан соң, бізде баспахана болмағандықтан Атырау қаласынан шыққан газетті кезекпе-кезек такси жалдап барып, әкелетінбіз. Осында қатысып отырған әріптестерімізбен бірге жақсы жұмыс жасадық. Бәрінің де мен үшін орны бөлек, – деп, өзін редакцияға жұмысқа Таңатар Дәрелұлы шақырғанына, қазіргі бас редактор Айнагүл Шакупованың ұмытпай мереке сайын құттықтап отырғанына арнайы тоқталып, барша қатысушылардың дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі.
Қанат ҒҰМАРОВ