Аудан әкімі Абат Жанғалиев облыстық мұғалімдер спартакиадасында жеңімпаз болған спортшы ұстаздарды қабылдады. Қазан айының 3-і мен 11-і аралығында Атырау қаласында облыстық спартакиада өтіп, оған ауданымыздан 60-қа жуық мұғалім қатысқан.
Спорттың 7 түрінен сынға түскен құрманғазылық команда тамаша ойын өрнегін көрсетіп, нәтижесінде үшінші жыл қатарынан жүлделі І орынды қанжығаларына байлады. Жарысқа облысқа қарасты 7 аудан және қаладан командалар қатысты. Олар волейбол, футзал, үстел теннис, шахмат, асық ату, бес асық және жеңіл атлетика сынды спорттың 7 түрінен өзара бақ сынады.
Ауданның құрама командасы футзал, бес асық, жеңіл атлетикадан ІІІ орынға ие болса, ал волейболдан ерлер командасы, үстел теннистен және шахматтан жүлделі І орыннан көрінді.
Аудан басшысы құттықтау тілегін білдіріп, өзінің алғыс хатымен және аудандық кәсіподақ комитетінің сертификатымен спорттық додаға қатысқан мұғалімдерді марапаттады.
Сонымен қатар, баскетболдан республикалық жарыстарда топ жарып жүрген бүгінде «Спорт шеберіне үміткер» атағына ие болған Манаев атындағы жалпы орта мектептің оқушылары Сымбат Базарбайқызы, Анеля Дәражатқызы, Еңлік Бауыржанқызы мен жетекшісі Асылмұрат Төремұратовты ұлығылады.
Марапаттаулар легін аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әуез Ізжанов, балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру клубының директоры Нұрболат Өтегенов жалғастырды.
Облыстық спартакиадада жеңіс тұғырынан көрінген ұстаздар өздеріне табысталған 200 000 теңге қаржылай сертификатын түрлі сайыстарда үздіктер қатарынан табылып жүрген жас спортшыларға бөліп берді. Айнагүл Күнұзаққызы