Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды баспанамен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Бүгін Құрманғазы ауылының РТС мөлтекауданында кезегі келген әлеуметтік осал топтағы, көп балалы отбасылар және жетім балалар жаңадан салынған баспанаға қол жеткізді.
Бұдан басқа Құрманғазы ауылына қарасты Шипажай, Кіресті ауылдарында, Еңбекші ауылдық округінде барлығы 2 пәтерлі, үш бөлмелі 10 үй қолданысқа берілді.
Мереке қарсаңында қуанышқа кенелген ағайынның ортасында біз де болдық. Қоныстойдың салтанатты жиынында тұрғын үй кілттерін табыстап, аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау сөз сөйледі.
– Қазіргі таңда ауданымыздың инфрақұрылымы дамып, көркейе түсуде. Үкіметіміздің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде, оның ішінде ауданымызда тұрғын үй мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Қолданысқа берілгелі тұрған үйлер халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына, толық емес отбасыларға, жетім және мүмкіндігі шектеулі жандарға берілуде. Бүгінде он отбасыға пәтер кілті табысталып, қоныс тойын тойлағалы отыр.
Қуаныш иесі, білім саласының ардагері Рита Мырзағалиқызы мектепте ұстаздық еткен кезінде кезекке тұрғанын, баспаналы болып жатқанына қуанышты екенін айтып, ақжарма тілегін білдірді.
А.Шакупова