Қадірменді құрманғазылықтар!
Ауданымыздың абзал үлкендері мен ақылғөй қариялары!
Сіздерді бәріміз үшін орны ерекше, туған жеріміздің төл мерекесі – Құрманғазы ауданына 95 жыл толуымен құттықтаймыз!
Құт дарыған құйқалы өңір, Қазақстанның батыс қақпасы – Құрманғазы ауданы тамылжыған тамаша табиғатымен, көңілі көлдей кең адамдарымен, төсінен арылмаған төрт түлігі, айдындарында шоршып ойнаған балығымен, су бетінде думан құрған құстарымен ерекшеленеді. Шетелден келген талай туристер таңдана таңдай қаққан берекелі өңір. Сонымен қатар, қазаққа Құрманғазыдай күй қағанын, ақын Жұмекендей Әнұран авторын, талай дарынды қамқорлаған абыз жазушы Әбу бабамызды, жау үстінде ойран салған қанатты қыз Хиуазды, жалына жат қолын тигізбеген тарпаң мінезді тұлпардай Рахымжанды сыйлаған құтты мекен!
Тәуелсіздіктің отыз жылдан аса уақытында ауданымыз адам танымастай өзгеріп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, халықтың тұрмыстық жағдайы жақсарып, гүлденіп дамығанына өздеріңіз куәсіздер. «Көл тамшыдан құралады», дегендей, мұнда айбарлы аға буынның, жайдарлы жас буынның қосқан өзіндік үлестері мол. Бүгінгі жетістіктеріміздің артында кешегі сұрапыл соғыста ел қорғаған, тылда тыным таппай еңбек еткен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кездескен қиындықтарға қайыспай қарсы тұрған аға-апаларымыздың, «Ат тұяғын тай басады», деп айтқандай солардың ізін жалғап келе жатқан бүгінгі жастардың еңбегі тұр. Бәріңіз де қандай құрметке де лайықсыздар!
Мерейлі мерекеде отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жемісті еңбек, береке мен бірлік, жарасымды тірлік тілеймін! Еліміз өркендеп, туған жеріміз гүлдене берсін!
А.Жанғалиев, аудан әкімі