Аудан әкімі аудандық музейде болып, ғимараттың жай-күйімен танысты

(0 Votes)

Еліміздің ертеңгі күні еңсесі биік болуы үшін, өткенімізді түгендеп, кешегі тарихымызды өсер ұрпақтың санасына жеткізу - ортақ борыш.

Осы бағытта өлкеміздің шежіре тарихын, өнері мен әдебиетін, мәдениетін ата-бабаларымыздың асыл мұраларын жинақтап, насихаттап отырған Құрманғазы аудандық музейінің орны ерекше.

Аудан әкімі Абат Жанғалиев аудандық музейде болып, ғимараттың жай-күйімен танысып қайтты.

Құрманғазы аудандық музейінің бастау көзі Ломоносов мектебінен музей бұрышы болып жасақтаудан басталған. 1971-1979 жылдары Теңіз аудандық мәдениет үйінен орын беріліп «халық музейі» атанады. 1979 жылы 23 шілдеде Теңіз аудандық Атқару комитетінің шешімімен көрерменге өз есігін ашып, аудандық музей болып құрылады. 1982 жылдың мамыр айынан бастап Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының қарамағына енгізіліп, Құрманғазы аудандық бөлімшесі болып жұмыс жасап келеді. Музей қорында алғашқы жылдары 935 дана жәдігер болса, бүгінгі күні музей қоры киелі Құрманғазы өңірінің көне заманнан қазіргі кезеңге дейінгі тарихын, өсімдіктермен жануарлар дүниесін бейнелейтін 11000-нан астам құжаттай және заттай жәдігерлерге толығып, тұрақты экспозициялық жәдігерлер үш залда орналасқан.

Аудандық музей меңгерушісі Жазира Хайрошова аудан басшысына қазіргі таңда аудандық музей орналасқан ғимарат жәдігерлер қорын сақтауға таршылық етуде екенін жеткізді. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлерден де көмек сұралған. Бұдан өзге көшпелі көрмелер ұйымдастыруға көлік, орын-жай табу орайында да қолдау қажеттілігі айтылды.

Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Фото: аудан әкімінің баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT