«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді атам қазақ.
Сөзінің сарасымен, парасатты санасымен жол сілтер, жөн көрсетер көнекөз қарияларымыз әрдайым аман жүрсе, жастарымыз жолынан да, жөнінен де адаспайтыны айдан анық. 1 қазан Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Марат Мурзиев ардагерлермен кездесіп, пікір алмасты. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде еркін форматта өткен жүздесуде алдымен аудан басшысы елдегі пандемиялық ахуалға орай осы уақытқа дейін зиялы қауым өкілдерін қабылдай алмағанын айтып, өзінің қысқаша өмірбаянымен таныстырды. Аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды істер және алдағы жоспарларымен бөлісіп, түрлі сала ардагерлері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстары мен ақыл-кеңестерін білдіре алатынын жеткізді.
Алғашқы болып сөйлеген ардагер-ұстаз, алтын алқалы ана Жәннат Құрманғалиева Марат Бисенғалиұлына «халықтың көңілінен шығып, көздеген мақсатыңа жет» деп ақ батасын берді. Байда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмагулов Байда ауылдық округі атауының өзгермеуін, тарихи атауының сақталуын сұрады. Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев Жұмекен ауылына жол төсеу жұмыстары жалғасын тапса деген тілегін жеткізіп, зейнеткерлерді жылына бір рет демалыс орындарына жіберу немесе экскурсия ұйымдастыру оларға тың серпін берерін тілге тиек етті.
Бірлік ауылдық округінің тұрғыны, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Бауыржан Ақпанов жыр болған «Құрманғазы-Бірлік» тас жолының 3 жылдан бері бірінші қабаты төселіп аяқталмағанына ренішін білдіріп, Қиғаш өзенінің арналары тартылып, кеуіп жатқанын мәселе етіп көтерді. Білім саласының ардагері Ғилыман Құспанов мүмкіндігі шектеулі жандарды уақтылы дәрігермен, дәрі-дәрмекпен қамтуды назарда ұстауды қаперге берсе, оқушылардың бойында отансүйгіштік, патриоттық тәрбие қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесуде Жаңаталап ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев, медицина, мемлекеттік қызмет, прокуратура салаларының ардагерлері Талғат Аманғалиев, Амантай Тәкешев, Ғизатолла Мүрсәлиев өңірдің проблемалық мәселесіне қатысты толғандырған сұрақтарын қойды. Аудан басшысы Марат Мурзиев әр сұраққа нақты жауабын қайтарып, атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асатын игі істерден хабардар етті. Шырайлы кездесуден кейін ардагерлерге дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.