«АУҒАННЫҢ АЛАУЫНДА ОТ КЕШКЕН»

(0 Votes)

Еңбекші ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен ауылдық клубта ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан интернационалист-жауынгер Қадырбек Өмірбаевтың туғанына 60 жыл толуына орай «Ауғанның алауында от кешкен» атты кездесу кеші өтті.

Оған ауған соғысының ардагерлері, батырдың туыстары, ардагерлер, ауыл үлкендері, мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты. Ауған соғысына ауданымыздан 100-дің үстінде адам аттанса, соның үшеуі интернационалдық борышын өтеу үстінде ерлікпен жанын қиып, біреуі хабарсыз кетті. Қаза тапқан үш адамның екеуі Еңбекші ауылдық округінен.

img_3395

Шарада округ әкімі Руслан Әмірханов Қ.Өмірбаевты ауылдастары мақтан тұтатынын, атына көше берілгенін атап өтті. Жауынгер туралы бейнебаян көрсетілді. Онда Ауған соғысы, Қадырбектің өздері қорғаған елді мекенге шабуылдаған жауға қарсы ерлікпен шайқасқаны баяндалады.

img_3396

Сонымен қатар қаруласы, қырғыз жігіті Әлидің 1986 жылы ауданымызға арнайы келіп, жерлесіміздің анасымен кездесіп, батырдың кезінде өзін өлімнен қорғап қалғанын айтқаны кеш иесінің қандай азамат болғанын әйгілеп тұр. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын, бірнеше кітаптардың авторы Есмұхан Жанизин:– Жазушы Айгүл Ермекованың ауған жауынгерлері туралы кітабында Марат Сейітов қаруласы Қадырбек Өмірбаевтың ақжарқын жігіт екенін, өзіне жақын болып кеткенін тебірене еске алады. «Ол бірінші взоводта еді. Таңертең жүрерде арсалаңдап маған келді. Мені құшақтап тұрып алды. Темекісі таусылап қалған екен, патронның гильзасына толтырып бердім. Қоштасарда: «Сенің жүретін қызың бар ма десем», күлімдей қарап «Кейін айтамын», деді» деген естелігімен бөліседі. Мараттың жазуынша сол күнгі шайқаста Қадырбек үш рет жараланады. Екінші рет жараланған соң командирінің «жат» дегенін тыңдамай, жылжып барып, гранат лақтырып оқ жаудырған жаудың үнін өшіреді, - деп ауылдасының ерлік жолына тоқталып, арнау өлеңін оқыды.

img_3407

img_3415

Қ.Өмірбаевтың нағашы апасы Балжібек осындай шара ұйымдастырып жатқаны үшін Еңбекші ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мүбина Қауысоваға, шақырғанды құп алып қатысып отырған ауған соғысы ардагерлеріне ризашылығын білдірді. Қадырбекпен бірге оқыған сыныптастарынан Идаят Хамзин, Күншығар Сұлтанғалиев сөйлеп, әсерлі естеліктерімен бөлісіп, Еңбекші орта мектебіне «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қ.Өмірбаевтың атын беру керек деген ұсыныстарын ортаға салды.

img_3428

Сахнаға көтерілген аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Серік Мұфтахов: – Ауған соғысына ауданымыздан кейбір деректерде айтылып жүргендей 86 емес,106 адам қатысты. Себебі студент болған, жер-жерде оқыған жігіттер аудандық есепке кірмеген. Қазір аудан бойынша 40 адам қалдық. Ол жақтағы алапат соғыстан оралмай қалған азаматтар көп. Солардың қатарында Қадырбек Өмірбаев, Бауыржан Бегалиев, Василий Григорьев, өзіммен бірге барған, хабарсыз кеткен Берік Құбаев бар, - дей еске алу кешін ұйымдастырған округ әкімдігіне, кітапхана ұжымына алғысын жеткізді.

img_3431

Ауған соғысының ардагері Айжарық Сақташов отты жылдарды еске алып, сөзінің соңында Қошалақ ауылының кітапханашысы, бірнеше кітаптардың авторы Е.Жанизинге ауған ардагерлері туралы жинақ шығаруға ұсыныс жасады.

img_3432

Еңбекші ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мүбина Қауысова «Ауған тарихы мәңгі ұмытылмайды» деген тақырыптағы кітап көрмесіне шолу жасап, Қ.Өмірбаевтың сыныптасы И.Хамзинге, нағашы апасы Балжібекке, аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы С.Мұфтахқа алғыс хат табыс етті.

img_3434

Ауыл тұрғындары атынан Мұқар Шаяхметов, Теміртас Елеусінов сөйлеп, ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ шара барысында Еңбекші ауылдық клубының өнерпаздары мен мектеп оқушылары өлеңдер оқып, әндер орындады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521