Аудандық кітапханада ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында «Ауған соғысы ардагерлеріне тағзым» атты кездесу кеші өтті.
Оған сол майданда жүріп, ерлікпен қаза тапқан жерлес батыр Бауыржан Бегалиевтың туысы Әділхан Мажитова мен оның қаруластары Серік Төлепбергенов, Сағынғали Молдағалиевтар қатысты. Кеш жүргізушілері жиылған оқырманға ауған соғысы туралы кеңінен түсінік беріп, кітапханашы Светлана Өтемұратқызы «Ауған соғысы – жүректегі жара» атты кітап көрмесімен таныстырды. Кейін сөз алған қонақтар арасынан Әділхан Мажитова Бауыржан Бегалиевтың майдан даласынан жолданған хаттары, оның көркем мінезі, үлгілі істері туралы әдемі естеліктермен бөлісті.
Ал, он жылға созылған интернационалдық соғыста батырмен бірге жауға тойтарыс берген Серік Төлепбергенов пен Сағынғали Молдағалиев, ойлағанның өзінен жүректегі жараның бетін ашатын күндерін, майдан даласындағы ерліктерін және елге оралғаннан кейінгі әр күні қорқынышқа толған өмірін әңгімелеп, оны тыңдаушы оқушыларға қазірден-ақ зиянды әдетке әуес болмай, Отаны сүйген ұланы болуға шақырды.
Рухани жиында Ерасыл Самиғоллаев, Толыбай Қажыгереев сынды аудан өнерпаздары әсем әндерін шырқап, Елдос Құлшаров «Жауынгер хаты» монологын көркемдеп оқыды. Әсерлі өткен кеш соңында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Анар Нуриқызы сөз алып, ауыр күндегі қиын естелікпен бөліскен меймандарға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар ұсынды.
Жайдарлым Қайреден