«Атырау-Астрахань» жолының 60 шақырымын биыл беруді тапсырды

(0 Votes)

Сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ауданымызда болып «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жасалып жатқан «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар авто жолының құрылысымен, Құрманғазы шекаралық өткізу пунктінің жұмысымен танысты.

Алдымен вице-премьер Роман Скляр мен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Құрманғазы» өткізу бекетінің жұмысын тексерді. Аталған бекет 2004 жылы көпжақты қарым-қатынас орнату үшін ашылды. Пункттің көлемі 3 гектарды, әкімшілік ғимараты 1961 шаршы метрді құрайды. Қазір мұнда террористік әркеттердің алдын алу мақсатында инспекциялық-тексеру кешенінің құрылысы жүруде. Кешен биылғы жылы қарашада беріледі деп жоспарланған. Осыдан кейін өткізу пункті алға қарай қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық компаниясы «Қазавтожолмир» АҚ теңгеріміне берілгелі отыр. Бүгінде мұнда тәулік сайын Ресей Федерациясы шекарасы арқылы екі жаққа 4000-ға жуық адам мен 1200 көлік құралдарын өткізу жолға қойылған. Р.Скляр індеттің алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстарды көргеннен кейін бекеттің өткізу ауқымын кеңейтуді ұсынды. Премьердің сұрағына орай бұл бағытта бұған дейін тапсырма беріліп, жұмыстар жасалып жатқаны қаперге берілді.

Сондай–ақ Роман Скляр және Махамбет Досмұхамбетов «Ақтөбе -Атырау-Астрахань» автомобиль жолының қайта құру учаскелеріне барды. Олардың әрқайсысында мердігерлік ұйымдардың басшылары тұрақты жұмыс барысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Жолдың жалпы ұзақтығы 893 шақырымды құрайды. Оның 545 шақырымы Атырау облысының аумағынан өтеді. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 432 шақырымы қайта жаңартылады (330-598 шақырымы Атырау-Ақтөбе, 616-893 шақырымы Атырау-Астрахань РФ). Жол-құрылысы жұмыстары екі бағытта жүргізілуде. Вице-премьер нысандарды тексеруді қорытындылай келе, құрылысты уақтылы және сапалы аяқтау бойынша міндеттер жүктеді. Автокөлік қатынасын жақсартуды жолға қою мақсатында 2021 жылы бітуі тиіс 60 шақырымды биыл пайдалануға беруді тапсырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521