Атына заты сай "Тухлое"

(1 Vote)

«Тазалық  - денсаулық кепілі» демекші, жалпы бұл мәселе төңірегіндегі әңгіме айта-айта жауыр болғаны шындық.

Ауданда басқа бағыттағы жұмыс қарқынды жүргенімен, тазалыққа келгенде ақсап тұрғаны жасырын емес. Үй-жайымыз айналасы таза болғаны не керек, көше бойының әр жерінен ұшқан қағаз, бос баклажка, шыны шөлмектің неше түрін кезіктіреріңіз анық. Тұрғындардың еті үйреніп кеткендей бірі қайырылып көтеруге, жинастыруға құлқысы жоқ.

Қоқыс төгетін арнайы орынның айналасы үнемі ыбырсып жатады. Оны жинап, шығарып отыруға жауапты мекеме тазалап кеткенімен әп-сәтте қайтадан шашылып қалады. Қоқыс жәшіктері жетіспейтіндігі осыдан-ақ көрініп тұр. Ал, кей жерлерде қойылған қағаз, пластмасса үшін бөлек қойылған торкөз жәшік қашан көрсең де бос тұрады. Біздің тұрғындардың мәдениеті оған жете қоймаған сыңайлы.  

Бөгеттің астының, жаға  бойының жай-күйі мәз емес. Кей келте ойлайтын тұрғынның қоқыс төгетін алаңына айналғалы қай заман. Малдың көңін, қыстан қалған сабанын,  тал-теректердің кесіндісін, басқа да тұрмыстық қалдықтарды осы маңға ұялмай-қызармай төге салады. Жасыратыны жоқ, әрбір үйде дерлік кішкентайлар бар. Ал, олардың қазіргі заманғы жөргектері жер-жерде жатады. Адамнан ұят кетсе осындай болады екен, қайтерсің енді, айтасың да қоясың. Жаға бойы дегеннен шығады, сол төгілген қоқыстар қазіргі кезде өр суының астында қалды. Сумен араластырып у ішіп отырмыз ба, оны бір құдайдың өзі біледі?! Тазалық қазіргідей «тәжтажал» деген қауіпті ауру екі алқымнан алып тұрғанда тіптенде қажет. Өйткені, ауру-кеселдің бәрі осындайдан басталатыны ақиқат.

Тағы бір айтайын дегенім, Кресті мен кіші Ганюшкиннің арасын бөліп тұрған Тухлое өзекшесі күні ертең-ақ су қайтқанда кесіліп-кесіліп тартылып қалады. Содан барып іріп-шіріп күлімсі жаман иіс айналаға тарайды. Ауданда қолға алынған түп тереңдету жұмыстары бойынша бұл өзекшені де қазып өтсе деген ұсыныс-тілегім бар. Аудан, ауыл әкімдері осыны ескерсе екен.

Рахмет НИЕТҚАЛИЕВ,

Құрманғазы ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521