Атқарылған істердің есебі тыңдалды

(0 Votes)

Әкімдіктің үлкен залында өткен аудандық мәслихаттың ХХІ сессиясының күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Бірінші болып өз міндетіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалысы жөнінде аудан әкімі Абат Жанғалиев ауқымды хабарламасын жасады.

Онда өз құзіретіне кіретін жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған істерді баяндады. – Президент жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің жарты жылда бір рет жергілікті тұрғындармен кездесуі мамыр айына жоспарланғанымен өңірде жарияланған төтенше жағдайға байланысты шілде айында өткізілді. Сол жиындардың қорытындысымен іс-шаралар бекітіліп, оның орындалысы тікелей бақылауыма алынды. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы ескерусіз қалмайды. Сонымен бірге, «е-өтініш» ақпараттық жүйесіне бірінші жартыжылдықта жеке және заңды тұлғалардан 412 өтініш келіп түсті. Оның нақты аудан әкімі аппаратына түскені – 239. Нақтылай кетсек, облыс әкімі аппаратынан -13, облыстық мәдениет және тілдерді басқармасынан – 2, энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы басқармасынан – 2, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінен – 1, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан – 1, аудандық прокуратурадан – 4, «Аmanat» партиясынан – 1 өтініш тіркелді. Оның ішінен қаралғаны – 397, оң шешімін тапқаны -125. Есепті кезеңде 16 қабылдау өткізіп, 64 азаматтың тұрғын үй, жер алу, жұмысқа тұрғызу, коммуналдық қызмет сияқты жеке мәселесін тыңдадым, - деген аудан басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, кадр мәселесі, мемлекеттік қызмет көрсету туралы да хабардар етті.

Сондай-ақ, алғашқы алты айда ауданда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Көптеген депутаттар тарапынан қойылған сауалдар да осы мәселеге қатысты болды. Олардың барлығына аудан әкімінің өзі, орынбасары және дербес бөлімдер басшылары тыңғылықты жауаптарын берді. Қосымша баяндама жасаған мәслихат депутаты Болатбек Өтегенов кейбір орын алған олқылықтарды жыл қорытындысына дейін түзетіп, оған жол бергендерді тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсыныс етті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ауылдық округтер салық түсімдер жоспарының орындалысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймұханова хабардар етті.

Бұл бойынша қосымша мәліметтерді берген депутат Жұмажан Шакупов көлік салығы бойынша 493 жеке тұлға әлі аударым жасамағанын айтып, ауыл әкімдеріне салықтық берешектердің уақытында өтелуін бақылауға алуды тапсырды. Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Насипов салық төлеу мерзімінің аяқталу уақытын назарға берді. Үшінші болып қаралған қауіп төндіретін аурулардың алдын алу, флюорография және өзге де диагностика әдістерінің қолжетімділігі туралы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Саида Зұлхашева хабарлама жасады.

– 2024 жылдың 8 айында 9353 адам флюорографиялық тексерістен өтті, бұл жылдық жоспардың орындалысының 59,8 пайызын, айлық жоспардың 80,2 пайызын құрап отыр. Аталған көрсеткіштердің төмен болуы емханадағы жылжымалы рентген автокөлігінің істен шығып, Азғыр өңірін қамти алмағанынмыз салдарынан болды. Осы мерзім ішінде 30 туберкулез аурушаңдығы тіркелді, оның 17-сі жаңадан жұқтырғандар, үшеуі жасөспірім, - деген ол өзге де профилактикалық екпелерді ұйымдастыру барысынан мәліметтер келтірді. Қосымша хабарлама жасаған депутат Нұргүл Дүйсенбайқызы бұл бағытта зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айта келіп, 2020 жылы короновирус індеті кезінде шұғыл түрде қолданысқа берілген аудандық аурухананың қазіргі жай-күйіне алаңдаушылығын білдіріп, қазіргі уақытта пайдаланылмай тұрған өкпе аурулары ауруханасы ғимаратына көшірілсе, өзге жерлерден келетін дәрігерлер үшін толық жабдықталған қызметтік үй берілсе деген ұсынысын қоса жеткізді. Аудан әкімі А.Жанғалиев бос тұрған ғимаратты пайдалануды облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісілсе оң шешуге болатынын, ал қызметтік пәтерді жиһаз-мүлікпен қамту қарастырылмағанын қаперге берді. Келесі кезекте аудан әкімі аппаратының басшысы міндетін атқарушы Қадіржан Өтешовтің ауданның әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын бекіту туралы хабарламасы талқыға түсті.

Бесінші мәселедегі - № 13 сайлау округінің депутаты М.Қуаншәлиевтің Асан-Үштаған ауылдарын ауыз сумен қамту барысы бойынша аудан әкімі А.Жанғалиев аталған ауылішілік су торабы Асан ауылдық округі әкімі аппараты теңгерімінде екенін, сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүріп жатқандығын, су жеткізуге қажетті қуатты насостар алынғандығын, орнатылған соң су берілетінін мәлімдеді. Алтыншы болып күн тәртібіне қойылған аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 14 қазандағы № 205-ХХІІ «2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» ҚР Заңы талаптарының аудан көлеміндегі орындалу барысы және заңды жүзеге асырудағы алдағы міндеттер туралы» шемінің күшін жою жөнінде аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиеваның хабарламасы тыңдалды.

Барлық мәселелер талқылаудан өткеннен кейін дауысқа салынып, тиісті шешімдері алынды.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT