«Ата жолы – ақ бата»

(0 Votes)

Осындай тақырыппен Б.Бегәлиев атындағы орта мектепте Наурыз мерекесіне орайластырылып терең мағыналы шара өткізілді. Оның жұмысына шәкірттер, ұстаздар және арнайы шақырылған ауданның белгілі қариялары, зейнеткер азаматтар қатысты.

Шара басталар сәтінде мектеп директоры Гүлжанат Қалиева сөз алып, ұлық мейрамның маңызыдылығына тоқталды. – Көрісу айттан басталатын Наурызымызда қыстан аман-есен шыққан ел-жұрт арқа-жарқа қауышып, төс қағыстырып, құшақ айқастыра көрісуде. Қыстың тоңымен бірге ағайын, ауылдас арасында болып қалатын өкпе-наз, аз-кем реніш ұмытылатын сәт. Сондықтан, Тәуелсіз еліміздегі бірін-бірі түсінушілік, ұлттар, халықтар арасындағы ымырашылдық ұзағынан жасай берсін, - деген ізгі тілегін білдірді Г.Қалиева.

Одан әрі шара қонақтарына түрлі сұрақтар қойылып, олардың жауаптары тыңдалды. Мысалы, академик жазушы Ө.Қажымғалиұлына: - Шығармаларыңызда ата-тек, жүз, ру туралы мәселелер қозғалды ма, - деген сауал қойылса, жазушы: - Өз руыңды білу руға бөлінушілік емес, бұл арада ізгілік, әділдік деген ұғымдар алға шығуы тиіс. Ата-тегіңді білмеу де жақсы қасиет емес, себебі жерден шыққан, не аспаннан түскен ешкім жоқ, сондықтан бабалар рухы риза болсын деген кім-кімде ата тегін шама келгенінше біліп жүруі дұрыс. Жүзге бөлінушілікті де шығарған коммунистік идеологияның зұлымдық, қазақты бір-біріне қырғи қабақ етіп айдап салу саясаты – деді қарт қаламгер. Одан әрі шара қонағы Рифхат Мұғалімұлына: - Сіздің отбасыңызда атадан-балаға мирас боларлықтай қандай құндылықтар бар? – делінсе, осы мектептің ардагер ұстазы Ғарифолла Төлеуұлына: - Өзіңіздің әскери өміріңіз туралы әңгімелесеңіз, зейнеткер дәрігер Зинетолла Сұлтанғалиұлына: - Наурыз тойы несімен ерекшеленеді, жазушы-журналист Таңатар Дәрелұлына: - Бұрындары яғни, сіздің бала кезіңізде «Көрісу айт» аталды ма? – деген сұрақтар қойылып, емен-жарқын сырласу түрінде түсініктер берілді. Мектеп өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Қонақ кәде  сұралынып, ақын Т.Дәрелұлы Наурызға арналған жаңа өлеңін оқыды. Қонақтарға көктемнің ақ дәмі, сары бауырсақ, ыстық шай ұсынылғаннан кейін ақ бата берілді.

 

Айнагүл Шакупова   

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT