Ат шаптырып атап өтті

(0 Votes)

Ауданымызға танымал азамат, ауылшаруашылығы саласының құрметті ардагері, қоғам белсендісі,  жеке кәсіпкер Оразғали Алғаязов мерейлі 70 жасқа толып отыр.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дегендей, ешкімге зияны жоқ, аңқылдап жүретін, мұқтаж адамдарға  қолынан келген көмегін көрсетуге дайын тұратын ақ көңіл азамат бұл белесіне үлкен абырой-бедел биігінде жетіп отыр. Темір жол саласында жұмыс жасап, кейін ауданның ауыл шаруашылығының өркендеуіне ұзақ жылдар бойы үлес қосқан Оразғали Алғаязұлының еңбекпен жеткен жаңа белесі басқаға үлгі. Еңбекпен деп отырған себебіміз ақсақал зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде ауданымыздың өзекті мәселелерінің оң шешімін табуына, салынып жатқан құрылыстардың партиялық бақылауда ұсталуына, жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалауға атсалысып жүр. Қағылез денелі болғанымен, жасы біразға келгенімен жүрісі ширақ, ауыр жұмыспен ысылып, шар болаттай шыңдалып қалғаны бірден сезіледі. Қарапайым, үлкенмен де, кішімен де аман-сауы түзу. Шіреніп, шікіреюді білмейді. Көре қалса тоқтап жөн сұрасады. Ал, көрмей қалса: «Аудан орталығына шаруам түскен соң, амандасып шығайын деп келіп тұрмын», дейді жаздай жадырап.

Өткен жексенбіде Оразғали (Серік) Алғаязовтың мерейжасына және «Алғаяз» шаруа қожалығының құрылғанына  30 жыл толуына Нұржау ауылдық округінде салтанатты шара өтті. Алдымен бауырынан тараған ұрпақтары мен ағайындары  ауылдағы «Гүлмаржан» бәйге төбесінде ат жарысын ұйымдастырды. Төрт айналымнан тұратын 16 шақырымдық құнан жарысқа ауылдық округтерден келген құйрық-жалы төгілген, ауыздығымен алысып, тұяғынан шаң боратқан 15 ат қатысты.

Нәтижесінде Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты Ғизат Әліпов ауылынан қатысқан Әділжан Нұрлановтың екі  жастық «Жұмбақ» атты буырыл көгі І орын алып, 200 мың теңгелік байрақты иеленді. Шабандозы Димаш Жайсанбекұлы, бапкері Хайырболат Жанарыс. ІІ орынға тігілген 120 мың теңге Хиуаз ауылының тұрғыны Алтынбек Сұлтановтың екі  жастық жирен қасқасы «Найзағайға» тиді. Жүйрікті тақымдаған шабандоз Қуандық Бека. Ал, ІІІ орын мен 70 мың теңге Теңіз ауылынан қатысқан Әділжан Дүйсекеновтің «Жұма» атты екі жастық торысы мен оның шабандозы Айқын Болатовқа бұйырды.

Бәйге төбені дүбірлеткен Аламан бәйгеде 7 ат бақ сынады. Солардың ішінен 6 айналымнан тұратын 24 шақырымды еркін еңсерген Ғизат Әліпов ауылының тұрғыны Ильяс Ешмұратовтың төрт жастық «Ясон торысы» І орынды қанжығасына байлады. Мұның шабандозы Батырбек Дінмұхаммед. І орынға тігілген жүлдеде қомақты, ол – жылқы малы. Жақсылық Қапеновтің (Теңіз ауылы) «Покер» есімді үш жастық жирен қасқасы мәреге екінші болып келіп, сиыр малын олжалады. Шабандозы Бисенбай Төрежан. ІІІ орынға тігілген қой малы Ғизат Әліпов ауылының тұрғыны Сарбалин Досболаттың «Шағырай» атты бес жастық жиреніне тиді. Мініп шапқан шабандозы Меңдібай Ерсұлтан.
Еңбек адамына құрмет Нұржау ауылдық мәдениет үйінде өткен «Еңбек ардагері – ел құрметтісі» атты мәдени шарада жалғасын тапты. Оразғали Алғаязовтың бауырлары Бекжан Алғаязұлы мен Райымбек Алғаязұлы мерейгерге  ат мінгізді.

Ұлттық киім киген қыздар келген қонақтарды ақ пен бауырсақ ұсынып, жылышыраймен  қарсылады.  Мерейгер жұбайы Мәриямен бірге ерекше қошеметпен ортаға шақырылып, қызыл кілеммен жүріп, төрдегі орындарына жайғасты.  Аудан әкімі Абат Жанғалиев Оразғали Алғаязұлының жүріп өткен еңбек жолына, елге сіңірген еңбегіне тоқталып, 70 жасымен құттықтап, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» төсбелгісімен марапаттады.

Құттықтауды аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, Нұржау ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім жалғастырып, ізгі тілектерін жеткізіп, Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын ұсынды.

Осындай жүрекжарды лебіздер әріптес аға-інілері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірзақ Қажымғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Нұрлығайын Нұғыманов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жұмақай Ғұмаров,  аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Ержан Гайнетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бірнеше жыр кітаптарының авторы, ақын Таңатар Дәрелұлы, мекемелер атынан «Гаухар» бөбекжай балабақшасы  директорының міндетін атқарушы Гүлнұр Қуанышбаева, Нұржау ауылының ардагерлері Нури Бектелеуов, Өсер Серікбаев атынан да айтылды.

Сөйлеушілер мерейгердің еңбекқорлығына, адами болмысына тоқталып, арасында әзілмен де қағытып жатты. Арнайы дайындалған сазды бағдарламаға да кезек беріліп, әсем әуен жан тербеді.

Соңында ауылшаруашылығы саласының құрметті ардагері Оразғали (Серік) Алғаязов арнайы қатысып жатқан аудан, округ әкімдеріне, шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, еліміз аман, халқымыз тыныш болсын, шаңырақтарыңызға ырыздық-несібе толсын, аман жүріңіздер деген ақ тілегін жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT