Жиырмасыншы ғасырдың 60-жылдарында Котяев селосындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектепті бітірген отыздаған шәкірт арман қуып Қазақстанның әр қиырына аттандық.
Сол кездегі мектеп директоры Ғ.Мырзағалиев қолымызға аттестатымызды ұстатып, «сендерден үлкен үміт күтеміз, елімізге адал еңбек етіңдер. Біз мақтанатындай азамат болыңдар» деп ақ жол тілеген еді. Осындай тұлғалардан ілім алып, қанаттанған 1957-жылғы түлектер болашақ мамандық алмаққа оқуға аттандық. Әр қайсымыз еліміздің шаруашылығында кірпіш боп қалансақ деген мақсат бәрімізді алға жетелегендей. Біріміз ұстаздарымыз Ә.Боқанов, А.Мәметов,Қ.Досқалиевтей мұғалім болуды қаласақ, ендігіміз ауылшаруашылығы саласының маманы және біріміз адам жанына араша түсетін дәрігер болғымыз келді. Кейін Кеңес үкіметінің қаулысына сәйкес 2-жыл өндірісте жұмыс істеп, жоғары оқу орнына түстік. Арманымыз адастырмай, бүгінде бәріміз жемісті еңбегіміздің зейнетін көріп отырмыз.
Биыл бір мектептен түлеп ұшқан түлектерге 65 жылдан соң ғана кездесу бұйырыпты. Десе де, сол кездегі отыздаған шәкірттің қатары сиреп, бүгінде З.Ұлықпанова, академик-жазушы, Атырау облысының құрметті азаматы Ө.Қажымғалиев және мен ардагер ұстаз Р.Ниетқалиев үшеуміз қалыппыз. Басымыз қосылғанда өткен шақта қалған өмірдің қызықтарын айтып, сыр шертістік. Өмір деген осылай өтеді де кетеді. Бірақ, еліңе сіңірген еңбегің ескерусіз қалмақ емес.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында» деген болатын. Әрине, осы пікірді қос қолдап құптаймын. Біз өз болашағымызды оқушы кездегі білім мен ғылымға деген қызығушылықтың арқасында қаладық. Ешкімнің ақысына кірмей, адал еңбектің арқасында абырой-беделге ие болып отырмыз. Бұл мақаламды біздің жолды жалғаған келешек ұрпаққа үлгі болсын деген ниетте жаздым. Армандары адастырмай, елінің сенімін ақтаған азаматтар болса екен дегім келеді.
Рахмет Ниетқалиев
Ардагер ұстаз