Ғасыр жасаған кейуана

(0 Votes)

1 қазан – сақалы мен шашына ақ түскен, әдемі жүзін талай тарихтың ізі әжім боп басқан көнекөз қариялардың халықаралық мерекесі.

Үлкендерімізді тек атаулы күнде ғана емес, әр күн сайын сыйлау мен құрметтеу - қазақтың қанына сіңген асыл қасиет. Адам баласының бойындағы бұл ізгі ниет – Жаратушы Иеміз бұйыртқан әрбір секундтың еншісінен бөлінбек емес, бөлінбейді де. Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған.

Бала шақта ата мен әженің тәрбиесін бойға сіңіріп, солардың ақылы мен парасатын ойға тоқып,азамат боп ер жетуіміздің өзі де үлкеннің көрсеткен өнегесі. Әбу Дәуіттен жеткен хадисте «Алланы ұлықтаудың бір түрі – шашы ағарған қарияға құрмет көрсету» деп айтылған. Мұның өзі ықылым заманнан басталған тәлімнің тереңдігін айқындайды. Мереке қарсаңындағы газет нөмірінде, ғасырдан екі жыл асып бара жатқан, Алланың өлшеп берген жасын берекелі жасап, бүгінде 9 ұрпақ тәрбиелеп, қызығын көріп, оған қоса елдің батасын алып үлгерген аудан тұрғыны, тыл және еңбек ардагері Шәміл Өміржанованың дара жолы туралы әңгімелемекпіз.

Шәміл Өміржанова 1920 жылы Ботақан советінде, қазіргі Мақаш ауылында дүниеге келген. Шаңырақ көтеріп, тұрмысқа шыққан соң Байда елді-мекеніне қоныс аударған. Алаулаған жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, майданға аттанған жолдасымен төрт жыл отау құрып, екі баламен жесір қалады. Кейін Астрахань облысында қара жұмыспен айналысып, саулығы шыдамай елге қайта оралған. Еңбектің ауыр-жеңілін таңдамаған Шәміл әжей егінші,балықшы, тіпті фермерлерге қыстақ тұрғызған құрылысшы болып, оған қоса теміржолдың рельстері мен бөгетін де салған. Тігіншілікті де бірге алып, майдан шебінде жүрген әскерлердің киімін тігіп, шұлығын тоқыған. Егіншілік маусымы басталған соң, Колбин ұжымшарында қызметін жалғастырды.

1944 жылы әкеден айрылып, соғысқа кеткен інісі Әлібек Түсіпалиев елге оралғанша анасының жанында болып, бағып-қаққан. Артынан ерген бауыры сұрапыл соғыстан аман-есен қайтқан соң, жалғыздықтың құдайға жарасқанын ескерген әжей, 1949 жылы екінші рет тұрмыс құрып, одан жеті ұрпақ сүйген. Мәуелі бәйтеректей жапырағын кеңінен жайған Шәміл әжейдің тар құрсағын кеңіткен балаларынан бүгінде 8 немере, 16 шөбере, 24 жиен мен 40 жиеншары бар. Өз отбасының түтінін түзу шығарып, ұйытқысы болған кейуанадан бала тәрбиесіндегі ұстанған қағидасын сұрадық.

– Ел қатарлы ғұмыр кешіп, көп балалы ана болған соң, олардың тағылымды тәрбиесі менің мойнымда. Оларға біреудің ала жібін аттамай, өзгенің ақысын жемей, үлкенге деген сыйластық пен өзінен кейінгіге өнеге болып,ізет көрсетуге тәрбиеледім. Әкенің қас-қабағына қарап, сөзін бөлмей, дегенін жасап, сыйластықта өмір сүруге және бірлігіне сызат түспеген әулет болуға жетеледім. Шүкір, балапандарымның бәрі де олқы соқтырмады,-дейді Шәміл Өміржанова.

Құдай қосқан жан-жары теңізде балық аулап, өзі өрмек тоқып, сол тапқан-таянғандарымен балаларын жеткізіп, қатарынан қалдырмапты. Ел басына күн туғанда жасқанып қалмай, атқарған қажырлы еңбегі үшін тыл ардагері Ұлы Жеңістің 60,65,70,75 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мерекелік медальдармен марапатталған.

Жаратқанның берген жасын салиқалы кешіп, ғасыр жасаған кейуананың жүріп-тұруы да тың. Алланың парызын орындап, тасбихын тартып, оразасын да тұтады. Өзінен кейінгілерге: әр нәрседе алдағанның жетегіне ермей, ақылды болуды, Отаны үшін аянбай тер төгуді, үлкеннің жолын кеспеуді насихаттайды. Шәміл әжей сияқты көкірегі тұнған қазына, аузынан ақ батасы үзілмейтін, барша егде жастағы елдің ақылшы даналарын атаулы мерекемен құттықтай отырып, жүректерінің тыныш болуын, шаңырағына ырыс толуын тілейміз! ... Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына жеткенде Алла Тағала оған жастарды құрмет еткізеді,-деген даналық сөз бар. Ендеше,қарияны құт-береке деп танысақ, ол біздің көрегендігіміз болмақ. Қазыналы қарттарымыз аман болсын! Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT