Астрахандықтардың алғаусыз көмегі

(0 Votes)

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкинмен арадағы келісім бойынша бір топ астрахандық білікті дәрігерлер өлкемізге коронавирус инфекциясымен күрес бойынша тәжірибе алмасып, консультациялық-әдістемелік көмек көрсету мақсатында аяқ басты.

Сондай-ақ, ежелден тату көршіміз өңірдегі тәжтажалдан туындаған күрделі жағдайға орай залалсыздандыру құралдары, қорғаныш киімдері және медициналық бетперде тиелген гуманитарлық көмекті де ала келді. Көмек керуенін еліміздің батыс қақпасы – Котяев ауылындағы «Құрманғазы» шекаралық өткізу бекетінен аудан әкімі Қайрат Нұртаев қарсылап алды.

i

Ізгі мақсатпен елімізге қадам астрахандық ақ халатты абзал жандарға қош келдіңін айтып, қиын сәтте көмекке келгендері үшін үлкен ризашылығын білдірді. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қабылдауында да болды.

– Сіздерге және Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкинге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі уақытта біздің дәрігерлеріміз алдыңғы шепте аянбай еңбек етуде. Дегенмен, біразы қауіпті дертті жұқтырып алды, қалғаны індетпен күресу үстінде. Атқарар жұмыс көп. Өңірімізге сіздердің тәжірбиелеріңіз, білімдеріңіз бен біліктеріңіз аса қажет. Қазіргі уақытта әлем бойынша дәрігерлер коронавирус инфекциясын емдеудің жаңа әдістерін зерттеп, олардың осылай өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне көмекке келулері қуантады, - деген аймақ басшысы қиын-қыстау кезеңде алғаусыз көмек қолдарын созғандары үшін алғысын айтты.

i

Әңгіме барысында астрахандық дәрігерлердің атыраулық әріптестеріне кеңес берумен шектелмей, жұқпалы ауруларға арналған арнайы блокта коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істейтіндігі, оларды емдеуге тікелей араласатындығы, соған сай нағыз «қызылаймаққа» кіретіндігі айтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы келген мамандардың облыстық кардиологиялық орталық пен инфекциялық стационардан басқа қажет болған жағдайда аудандарға да жіберілетінін ескертті.

- Бізді өте жылы қабылдағандарыңызға рахмет. Мұнда толыққанды жұмыс жасауымыз үшін барлық жағдай жасалған. Өз кезегімізде қазақстандық әріптестерімізге коронавируспен күресте бар күшімізді, біліміміз бен білігімізді салуға тырысамыз және қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді астрахандық дәрігер-маман Анна Чепель.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521