Алғыс айту және Партия күні қарсаңында «AMANAT» партиясында үздік бастауыш партия ұйымы мен үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі байқауы қорытындыланды.
Іс-шараға бейнеконференцбайланыс арқылы еліміздің барлық аймағындағы 3700 бастауыш партия ұйымы мен 225 қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері қатысты.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бастауыш партия ұйымдары партияның негізгі тірегі екенін атап өтті. Олар партияның қоғамдағы беделін қалыптастырады. Халық сұранысына алғашқылардың бірі болып үн қатып, әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі, партиялық жобаларға белсенді қатысып, мемлекеттік бастамаларды түсіндіру жұмысын жүргізеді. Ал партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түсетін өтініштер саны жыл санап артып келеді. Бұл азаматтардың «AMANAT» партиясына деген жоғары сенімінің жарқын көрінісі.
Бұдан соң, байқау қорытындысы жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен халыққа заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық көмек» жобасын жүзеге асыруда ерекше жетістікке жеткен партияның Атырау облысы Құрманғазы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі үздік деп танылды.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Төрағасы түрлі салада еңбек етіп жүрген еліміздің 16 белсенді азаматына партия билетін табыстады.