Қасиеттілер мұражайы қастерлену үстінде

(0 Votes)

Күні-кеше өмірден өткен әулие ана, қазаққа он бір ұрпақ сыйлаған «Батыр ана», «Ана жүрегі», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері Дәметкен Серікбай қызының елге сіңірген еңбегі және оның бабаларының есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында  Сазды ауылында мұражай ашылды.

Ақсақалдар абыздық әңгіменің түйінін шешті. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы: - Ғалымжан – Ардақ, елге өте пайдалы үлгі болатын іс тындырдыңдар. Көріпкел, сынықшы, әулие бабалар тұтынған жәдігерлер ұрпақ қастерлейтін, өткенді бағалайтын құндылықтарға айналып отыр. Мына тұрған тас диірмен, күбі, Серікбай атаның қақпандары, қос бірдей ондық шам, «жастық ағаш», көне жез самауыр, тағысын тағылар, бізден бұрынғылар қалай өмір сүрді, немен айналысты, соған жауап беретін тарихи шындық, сонысымен бұл мұражай қымбат»,-деді.

mrazhaj2

Дәметкен апайдың жұбы, марқұм Төлепбергенмен қатар өскен, тоқсанды төңіректеп жүрген Елжан Нәжімұлы ағамыз ата-анасының Серікбай аталармен дәм-тұздас болғандығына, атаның анасының өтінішімен құлап сынған биесін 41 күн шарттан аяғынан тұрғызғаны жайлы шындықтардың аңыз еместігіне көз жеткізді. Бабалар тұтынған дойыр қамшы өзінің туыс апасында сақталып, ғасырдан аса мерзім өмір сүріп, міне, мұражай төрінде ілулі тұр. Елжан  ата шерткен сырларды газет ауқымы көтермегендіктен түгел баян ете алмадық. Бұл шаруаны хатқа түсіруді мектептерде құрылып жатқан «Жас өлкетанушы өрендер» клубына аманаттадық.

mrazhaj

Тоқсандағы абыз, нұржаулық Мәдениет Харистегі: - Елді имандылыққа бастаған, көп азамат–азаматтарды от басудан сақтаған, ата-бабадан бері қарайғы әулиелікті күні-кешелері өз арамызда дәлелдеген  Дәметкен Серікбайқызына арнап Орлы, Нұржау округтерінен, аудан орталығы - Құрманғазыдан бір-бір көше лайықтаса, оның атын  мәртебелі нысандарға берсе аруағы риза болар еді, біздің тарапымыздан елдік құрмет көрініс берер еді, қолдауларыңызды сұраймын,-деген орынды әңгімені ортаға тастады.

m

Өзге де сөйлеуші ауданның Құрметті азаматтары Ғаділхан Қалиұлы, Сағынжан Рахымұлы, Жұмақай Мұғалиұлы және ауданның абыройлы өрендері Ниетжан  Ғафуұлы, еліміздің «Құрметті энергетигі»  Ғалиден Мұсылманғалиұлы, ақсақал Нури Бектелеуұлы, Өсер Серікбайұлы Атыраудан, Исатай өңірінен келген қонақтары осыған орайлас толғанысты пікірлерін жеткізді. «Дәметкен Серікбайұлы» әулие анамыздың көрікті көшесінде көңілді көрісуіміз жақын болғай, ағайын!

Таңатар Дәрелұлы
ауданның Құрметті азаматы, ҚР-ның Құрметті журналисі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT