Қазақстанда да әлемдік тәжірибеде өз нәтижесін көрсетіп отырған «Ashyq» жобасы іске қосылып жұмыс жасай бастағаны белгілі. Бүгінде еліміздегі қоғамдық орындарға келушілерді тіркейтін отандық IT-компания әзірлеген арнайы «Ashyq» мобильді қосымшаны іске асыру жұмысы қызу қарқын алуда.
Оған түрлі салада қызмет көрсететін 15 мыңнан аса нысан енгізіліп, 4 млн-нан аса қолданушы тіркеліп үлгерді. Біздің ауданымызда да 34 бизнес нысаны қосылды. «Құралай», «Мерей», «Жайнар» сауда үйлері, «Береке» базарындағы көтерме сауда орындары алғашқылардың бірі болып іске қосты. Өзге де нысандар қатарларын толықтырды. Шектеу шараларына қарамастан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жобаны аудан кәсіпкерлері белсенді түрде қолдануда. Қоғамдық тамақтану орындарына мідеттеліп отыр.
Сізге қажетті жерлердің есігі ашық болсын десеңіз, смартфоныңызда міндетті түрде «Ashyq» қосымшасы болуы керек. Қоғамдық орындарға бас сұқсаңыз, алдыңыздан қабырғаға ілінген QR-код шығады. Смартфоныңыздағы мобильді қосымшаны ашып, QR-кодқа жақындатқанда, ковидтің кез келген формасын анықтайтын төрт түс көрінеді. QR-кодты сканерлеп, мәртебесін анықтағандағы «қызыл» түс ПТР-тестін тапсырған адамда оң нәтиже шыққан жағдайда көрінеді. Ондай адам қоғамдық орында жүрмей, оқшаулану режімін қатаң ұстану тиіс. «Сары» түс науқаспен қандай да бір байланыста болған адамға беріледі. Бұл адамға азық-түлік дүкеніне немесе үй маңындағы дәріханаға баруына ғана рұқсат етілген. Өзге жерге баруына тыйым салынады. «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге баруға рұқсат етеді. «Жасыл» түс – еркін жүріп-тұруға толығымен рұқсат береді.
«Ashyq» қосымшасы азаматтардың конституциялық құқықтарын шектемейді. Оны қолдану ерікті, мәжбүрлеу жоқ, тек келушілердің мәртебесін тексереді. Қосымша ең алдымен келушілердің өздері үшін қажет. Себебі, осы жоба бойынша жұмыс істейтін нысанға кіргенде, адамның коронавируспен байланыста болу қаупі азаяды. Ал, жобаға қатысушы кәсіпкерлер басқа бизнес субъектілерімен салыстырғанда жұмыс кестесі бойынша жеңілдіктер алады.
Смартфоны жоқтарға нысан иелері өздеріндегі қосымша арқылы келушінің жеке сәйкестендіру нөмері бойынша қажетті мәліметті анықтап, кірігізе алады. Жобаның басты мақсаты қауіпсіз орта құрып, коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу екенін есте ұстаған жөн. Статусыңды үйде отырып-ақ қашықтықтан тексеруге де мүмкіндігің бар. Бұл індетті жұқтырып алып, онысын өзі де білмей таратуға себепкер болып жайбырақат жүретіндердің жолын кесетін әдіс.
А.МЕЙІРМАН