Ашылмайтын күнделік

(0 Votes)

Елімізде әлеуметтік салаларды цифрландыру шарасы қарқынды жүріп  жатса да, аудан орталығынан шалғайдағы ауылдар үшін оның игілігін көру мұң болып отыр.

Өйткені, жылдам желіге қолы жетпегендер де бар. Солардың бірі Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты Ғ.Әліпов ауылы. Бұл елді мекенде 2019 жылы жаңадан салынған  80 орындық Ж.Нәжімеденов атындағы негізгі орта мектебі бар. 9 жылдық білім беретін ілім ошағында бүгінде 78 оқушы оқиды. Барлығы да сол ауылдың тұрғындары. Әр 9 сыныпта көп дегенде 11 оқушыдан кездеседі.  Десе де, мұнда өзге мектептердегідей кадр мәселесі қиындық тудырмайды.  Тарифке сәйкес 21 маман еңбекпен қамтылған. Оның екеуі арнаулы орта болса, қалғаны  жоғары білімді мұғалімдер. Олардың 10-ы педагог-сарапшы, 2-уі зерттеуші, 4-уі модератор. Нәжімеденовтық оқушылар да жетістіктен құр емес, аудандық, облыстық сайыстарда білім, тәрбие, спорт бағытында алдыңғы орыннан көрініп жүр. Жалпы, мектептің сапа көрсеткіші 66 пайызды құрайды дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Мейрамгүл Серікқызы. – Білім ордасы жаңа болғандықтан, материалдық-техникалық базамыз да жеткілікті. Физикадан басқа, әр пәнге тиісінше кабинеттер жасақталған. Робототехника мен ІТ сыныбы да  игерілген. Ата-анамен кері байланыс өз дәрежесінде,-дейді Ж.Нәжімеденов атындағы негізгі  орта мектеп директорының міндетін атқарушы  Мейрамгүл Теңелбаева. Алайда, аталмыш оқу ордасындағы оқушылардың ата-аналары 5G технологиясы дамыған заманда интернеттің жоқтығынан зардабын тартып отырған жайы бар. Бұл мектепте  білім алушылардың күнделікті сабақ қорытындысы,  «Kundelik.kz» порталына енген бағалармен ата-аналары мүлде  таныс емес болып шықты. Яғни, мобильді байланыстың жоқтығынан желіге кіру қиын. Ал, оған тек сол ауылда орналасқан шағын актив операторының мұнарасынан 100 м радиус қашықтықта тұратын  тұрғындарға ғана қолжетімді,-дейді ауыл тұрғыны Айнагүл Жамалова. - Біз бағадан бөлек, тапсырманы орындау үшін ғаламторға кіре алмаймыз. Баланың күнделігін қарау үшін мұнара бағытына қарай телефонымызды ұстай жөнелеміз. Бұрынғы қарапайым күнделік жеңіл еді, бірақ, көштен қалмаған да дұрыс. Алайда, жаңа жүйе енбес бұрын еліміздің әр өңіріндегі ғаламтор нүктелерін тексеріп барып енгізгенде ғой деп, осы сәт ах ұрасың. Десе де, алдыңғы жолы ауыл әкімі Оралбай Азимов арнайы келіп, келер айдан бастап  жаңа мобильді мұнара бой көтеріп, Ғ.Әліпов ауылының әр тұрғыны интернетті қиындықсыз пайдаланатынын айтып, талайды қуантып кеткен еді. Оң бастаманы күтеміз,-дейді Айнагүл Жамалова. Оның мәліметінше, кей үйлерде  wi-fi  құрылғысы болса, келесісінде жоқ. Ал, әлеуметтік желі арқылы өткізілетін ата-аналар жиналысына интернеті жоқтар қатыса алмайды екен. 

Мұғалімдерді қағазбастылықтан бізді арылту мақсатында жасақталған «Kundelik.kz» порталының  Дыңғызылдағы жағдайы осындай. Осы ретте, Ж.Нәжімеденов атындағы негізгі мектептің мұғалімдерінен қолданысқа енгеніне үш жылға жуық уақыт болған жүйенің оңы мен солын таразылап көрдік. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қинеш Төленов,  қағаздан шаршаған мұғалімдер үшін қазір жұмыстың әжептеуір азайғанын айтады. Себебі, барлық оқу жоспары электрондық форматқа ауысқан. Алайда,  тың жүйе мінсіз емес. Техника болған соң, кейде сыр берерін де жасырмайды.  Ал, күнделікті толтыру  үшін мектептегі интернетті пайдаланып, баға мен тапсырмалар толық енгізілген соң  жұмысын аяқтайтынын мәлімдеді.

Осылайша, Ғ.Әліпов ауылының тұрғындары билік тарапының бұл мәселені тез арада шешіп, интернет қосылар күнді асыға күтіп жүрген жайы бар.

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT