Қасапханада - тек халал өнім

(0 Votes)

Құйқалы Құрманғазы өңірі мал шаруашылығын өркендетуге бағытталған іргелі аудан. Өйткені облыстағы төрт түліктің төрттен бірі осында өсіріледі.

Сондықтан да мұнда мал өнімдерін молынан өндіруге зор мүмкіндік бар. Кейінгі уақыттарда мал басын асылдандыруға, өз төлі есебінен көбейтуге, ет бағытындағы мүйізді ірі қараны бордақылай отырып, өнімін молайтуға көбірек көңіл бөлініп келеді. Осы орайда өңірде мал өнімдерін өндіретін шағын және орта бизнес  қарқынды дами түсті. Сондай игілігі орасан кәсіпкерлік нысандардың бірі Еңбекші ауылдық округіне қарасты Көнеу елді мекенінен ашылды.

khalal-et3

Атырау атырабына кеңінен танымал кәсіпкер Өтежан Дайынов бұрынырақта құрылыс мекемесінің қосалқы шаруашылығы болғанымен, кейінгі кезде қараусыз қалып, тоза бастаған аумақтан заманауи қондырғылармен жабдықталған мал сою кешенін іске қосты. Жобалық құны 110 миллион теңге болатын нысанды кәсіпкер өз қаражаты есебінен тұрғызды. Өндірістік бағыты - мал етін дайындау мен өңдеу кешеннің қуаттылығы тәулігіне 750 келі ет шығаруға дейін мүмкіндік береді. Мұнда әкелінген малдар мұсылманша бауыздалып, қаны шығарылып барып сойылады.  Бөлшектелген етті салқындатуға, тоңазытуға арналған бөлек камера, жартылай фабрикаттар дайындайтын цех бар. Кешенде қазіргі уақытта 10 адам тұрақты жұмыс жасайды. Қасапхана мен цехта қызмет жасайтындарға барлық жағдай жасалған. Бұл кешеннің өз қызметін ұсынудағы ең басты тиімділігі өнімнің сапалылығы мен тазалығына ерекше маңыз беріледі. Мұнда ет сапасы ветеринар маманның қадағалауында болады. Сонымен қатар, әр тұтынушы малдың бар талап сақталып сойылғаны жөнінде құжаттар мен арнайы ветеринарлық зертханамен мөрленген өнімнің тазалығы туралы анықтама да ала алады.

k

Кәсіпкерлік нысанның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айтқан сөздерімен байланыстыра сөйледі.

– Президентіміз шаруа қожалықтарымен, фермерлер қауымдасытығымен бірлесе отырып,  агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтты. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу, ауыл шаруашылығы өнімдерінен тұрақтандыру қорларын жасақтау мәселесін көтерді. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған мал сою кешені де Президент жүктеген тапсырмалардың орындалысы бағытында жасалған маңызды қадам деп білемін. Бұл кәсіпкерлік нысан тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін жақсартып, ет және еттен жасалған өнімдермен қамтуда септігін тигізеді деген ойдамын, - деп жаңа кешеннің жұмысына сәттілік тіледі.

k

Мал сою кешенінің қожасы, жеке кәсіпкер Өтежан Дайынов жиналғандарға қолға алған істері мен алдағы жоспарлары жайлы баяндады.

– Жұмыстың өнімділігін арттыру мақсатында барлығын автоматикаландыруға көңіл бөлетін боламыз. Сойылатын малдың қоңдылығын анықтайтын зоотехник, еттің сапасын, тазалығын қадағалайтын ветеринар мамандарымыз бар. Етке өткізілетін малды жеке қожалықтардан жинаймыз, 500 басқа дейін мал бордақылайтын алаң салыну үстінде. Бастапқы кезде Азғыр өңіріндегі өзіміздің шаруа қожалығымыздағы мал арқылы тұтынушылар қажетін өтейміз. Ет өнімдері аудан орталығындағы «Халал ет маркеті» дүкеніміз арқылы сатылады. Сондай-ақ, тұрғындарға тиімді бағаға малын сойып, ішек-қарнын тазалап, бас-сирағын үйітіп беру сияқты қызметімізді ұсынамыз, - деген кәсіпкер кешеннің кіреберіс есігіне керілген лентаны Еңбекші ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиұлымен бірге қию рәсімен жасады.

khalal-et-1

Жаңа кешенге шашу шашылып, шараға қатысқандар «игілікті болсынын» айтып, цехтағы жұмыс ырғағымен, арнайы қызмет бөлмелерімен танысты.

khalal-et

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT