Асанға дәрігерлік амбулатория қажет

(0 Votes)

Облыс әкімі Үштаған ауылындағы тұрғын үйлерді басу қаупі бар құм көшкінімен де танысты.

Асан ауылдық округі әкімі Гүлім Жамалиденқызының айтуынша, тұрғындардың 13 жылдан бері әлегі – осы бораған құмның көшкіні. Елді-мекенде 101 үй бар. Соның ішінде 15 үйді құм құрсауы қаупі бар. Бұл сөзді аудан әкімі Қ.Нұртаев та қостап, мәселенің жай-жапсары облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Қадыржан Бақтығалиұлына жүйелі хабарланып тұратынын алға тартты. Ауылды табиғи апаттан қорғаудың бірден-бір жолы - ауыл маңына қоршау жасалып, қамыстан механикалық жолақ орнатылып, соның түбіне үш қатар сексеуіл егу. Себебі құм көшкіні қатері төнген аймақ үшін сексеуілдің пайдасы ұшан-теңіз. Облыс әкімі М.Досмұхамбетов құм көшкіні аймағының нақты көлемін шығарып, оған тосқауыл қоюдың тезірек жобасын әзірлеуді міндеттеді.

mdeniet-j

Ауылдық мәдениет үйі меңгерушісі Гүлмира Қабиева жарда ілулі тақтайшалардың мән-маңызына тоқталып, өткізілген іс-шараларға шолу жасады. Кітапханашы Рима Төлеуішова округ бойынша 323 оқырман, 6023 кітап қоры бар екенін нақтылады. Ғаламтор жүйесі болмаған соң, ауыл тұрғындары ой азығын молайту үшін осында жиі бас сұғатынын жеткізді. Ал, ауылдық дәрігерлік амбулатория 1988 жылы салынған, 2015 жылы жеңіл жөндеуден өткен. Ескі емханада 1 дәрігер, 4 медбике тынымсыз еңбек етуде. Асан ауылы тұрғындары да осында ем қабылдайды. Іш жылы, дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтары жеткілікті.

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев Асан ауылына дәрігерлік амбулатория мен жаңа мәдениет үйінің қажеттігін сөз етті. Сонымен қатар, «Сүйіндік, Азғыр, Асан ауылдарына жақын жерден қатынайтын орталық аурухана салынуы - тұрғындар денсаулығын сақтаудың тиімді жолы болар еді»,-деген ұсынысын да ортаға салды.

Сонымен қатар Махамбет Жолдасқалиұлы Қиғаш өзені бойындағы түп тереңдетудің орындалу барысына шолу жасады. Ауыл балықшыларымен кездесіп, базыналарына құлақ түрді. Шалғай ауылдарды көлікпен аралап, көп шағымға іліккен жолдың ойлы-шұңқырын сезініп көрді. Тұрғындарды толғантқан талай түйткілді мәселелерге қанық болған облыс әкімі қандай да қиындықтарға төтеп беріп, барлық саланы жандандыру тұрғысында тиісті орындарға жұмыс талабын күшейтуді тапсырды.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521