Қасқыр мәселесі қинап тұр

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Марат Мурзиев шаруа қожалығы басшыларымен, жеке кәсіпкерлермен кездесті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев, дербес бөлімдер мен басқармалар басшылары, округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіне сай аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Руслан Нәсиболлаевтың хабарламалары тыңдалды.

a

Аталған бөлім басшылары өз салалары бойынша мал қыстату, игерілмеген жерлерді қайтару, түп-тереңдету жұмыстары, кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар мен берілетін жеңілдетілген несиелер, жұмыссыздық деңгейін азайту, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қандай шаруалар тындырғандарынан хабардар етті. Жиын одан әрі еркін форматта жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырып жүрген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесуде ауыл шаруашылығы саласында бірқатар түйткілді мәселелер бой көрсетті. Оларды қысқа да нұсқа келтірсек, шаруа қожалығының басшылары тарапынан өздеріне жер жыртуға агроколледж көмектесіп отырғаны, бұған дейін лизингке алынған техникалардың неге пайдаланылмайтыны сұралды. Өз өнімдерін өткізу, су мәселесі қиындық туғызып отырғаны, Шарон өзенінің деңгейі 45-50 см түсіп кеткені, ауданда су қоймасын салу қажеттігі, дизель отынын, малдың жемін тасымалдағанда шығын жеңілдіктерден асып түсетіні айтылды. Шаруагерлердің мәлімдеуінше шопанмен қамту да өткір мәселеге айналған. Қасқыр мен шибөрі көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірілді.

«Ақ Жайық» резерватының Құрманғазы ауданы бойынша өкілі Сансызбай Тоғаев, аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Айдос Ихсанов, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах, «Қазсушар»ЖШС аудандық филиалы басшысы Нұрлан Атаев қасқыр аулауға билет алу, қаруды тіркеу, каналдардың қазылуы, Забурын каналына су айдау, шаруа қожалықтарына көпір салуға қатысты сұрақтарға жауап қайтарды. Қатысып отырған тәжірибелі мамандар тарапынан судың азаюы климатқа байланысты екені, су қоймасын салудың тиімсіздігі түсіндірілді.

Бірқатар сұрақтарға жауап қайтарған аудан әкімі Марат Мурзиев кезінде Азғыр өңірінде қара бидай, Шағырлыда күріш егілген ауданымызда егіншіліктің өрге баспай отырғанына тоқталып, осы бағытта жұмыстану керектігін айтты. – Президентіміз ауылды дамытуды басты мақсат етіп қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы ашылып жатыр. Тиісті бөлім басшылары бұл жөнінде де кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары арасында түсінік жұмыстарын жүргізіңіздер. Каналдарды қазудың екінші кезеңінің жұмыстары атқарылуда, үшінші кезеңінің жоспары жасалуда. Азғыр жолын күтіп ұстау «Құрманғазы жолдары» мекемесіне тапсырылды. Оны өз жоспарына сай жасайды. Шаруа қожалықтарына инфрақұрылым тартуға, үйлер салып беруге, құдық қазуға, күн сәулесі панелдеріне субсидия, бюджеттен қаражат қаралмаған. Шопан мәселесіне келсек, қажетті жағдай жасалып, 150-200 мың теңге төлейміз десе де жастар шаруашылықтарға бармай, 60-70 мың теңге жалақысы бар ақылы қоғамдық қызметке таласады. Аграрлық колледжде қаншама жастар бітіргенімен механизаторлық жұмысқа беттемей тұр. Жер беру жер Кодексіне сай конкурстық негізде жүзеге асыралады. Әр адам өзінің бизнес-жобасын жасайды. Игерілмеген жерді қайтарып жатырмыз, бұл істе сіздерді бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын. Қасқыр аулау облыстық табиғи реттеу және табиғатты пайдалану басқармасы арқылы реттеліп отырады. Ауданымызға бөлінген 11 аңшыға 3 қасқыр, 3 шибөрі аз десеңіздер, бұл жөнінде тағы да сөйлесіп, ақылдасып қарайық. Несие серіктестігіндегі ынтымақтастық жауапкершілікті алып тастау үлкен мәселе. Облыста да көп көтерілді. Енді, «Аманат» партиясы арқылы шешілу үстінде. Қаржы институттарының аудандық филиалын ашуды көптен бері көтерудеміз. Оңтайландыруды сылтау етіп, біз үшін тиімсіз деп бас тартуда. Бұл Азғыр бойында отырғандарға қиын. Олар интернетпен де рәсімдей алмайды. Қалада жүріп бітіруге бір апта уақыт керек. Осыны ойлаған біз қаржы институттары мамандарымен жылына 4 рет ауданымызға келіп, құжаттарды рәсімдетуге келістік, – деді. Кейбір мәселелерге орай қатысып отырған дербес бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Қатысушылар алға қарай жылына 1-2 рет осындай кездесу өткізіп тұру қажет деген ұйғарымға келді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT