​​​Қаржыны қалай сақтаған тиімді?

(0 Votes)

Қалай десек те өмірімізді ақшасыз көзге елестете алмаймыз. Ақшасыз қалсақ қиындықтарқұрсаулайтыны анық.

«Қаржысыз жасауға болатын жалғыз нәрсе ол – қарызға кіру», дейді ұлылардың бірі Хайнц Шенк. Кейде, бар қаражатымызды ұқсата алмай жатамыз. Қолымыздағы ақшаны шашып жібереміз немесе оның артығы бізге еш пайда әкелмей үйде жатып таусылады. Үйде тұрған ақша өспейді. Инфляция оған соққы болып тиеді. Қазақта:«Сақтық қор сарқылса байлық құриды» деген сөз бар.

«Ақшаны табудан гөрі оны сақтау қиын», дейді тағы бір ұлы адам Мишель де Монтень. Қорды миллиондап ақша таппай да жинауға болады. Алайда, бұл екінің біріне мәлім емес. Маңдай терімізбен тапқан қаражатымызды шашу шығармай жұмсап, пайдасын көру үшін бізге қаржылай сауаттылық ауадай қажет.Тиынды тиынға қосып үйренгеннен ұтылмаймыз. Қаржыны сақтаудың ең қарапайым жолы – депозит ашу. Ақшаңыздың көбеюі құйған қаржыңыздың көлеміне тікелей байланысты. Көп жинасаңыз, соғұрлым пайдасы бар. Еліміздегі депозитке қатысты соңғы жаңалықтармен танысып, банкті, депозитті қалай таңдаған, қандай валютада депозит ашқан тиімді екенін, алғашқы жарна, салымның ай сайынғы және жалпы кірісі, депозиттер бойынша пайыздар мен сыйақылар жайлы қысқаша болса да білген артықтық етпейді. 2022 жылғы әлемде орын алып отырған жағдайларға орай Қазақстанда қаржылық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар қабылданыпҚазақстан Ұлттық банкі мен Депозиттерді кепілдендірудің қазақстандық қоры 2022 жылдың шілде және тамыз айларында депозиттер желісі бойынша ұсынылған пайыздық мөлшерлемелерді көтерді. Мұндай пайыздар ұзақ жыл бойы болған жоқ. Бұл тек ұсынылып отырған мөлшерлер. Ал, сыйақы мөлшерін солай қалдыру немесе аздап өсіру банктердің өз еркінде.

Еліміздегі көп банктердің алғашқы жарнасы 15 000 теңгеден бастау алады. Олардың мерзімін бір жылдан бастап, әрі қарай қалағаныңызша жалғастыруға болады. Сөзімізді елімізге ең танымал «Халық банктен» бастайық. Депозитті оның бөлімшелеріне бармай-ақ «myhalyk.kz» сайтында онлайн түрде рәсімдеуге болады. Несие алуды «Halyk» қолдаңбасын телефоныңызға жүктеу арқылы да жүзеге асыра аласыз. Сол сияқты «Halyk gold» арқылы ақша аударуға мүмкіндігіңіз мол.  Бұл банкте сыйақы мөлшері көп өзгеріске түспейді. Оның мөлшері сіздің депозитіңіздің сақталу мерзіміне байланысты өзгеріп отырады. «Казкоммерцбанкте» депозитті 15 000 теңгеден жоғары қаражатпен ашасыз және 3 айдан 24 айға дейін рәсімдейсіз. Ал, жылдық сыйақы мөлшері 3 айға -8%. 6 айға – 11%, 12 айға – 13,2%, 18-24 ай аралығында 13%-ды құрайды. Депозиттен ақша алу үшін шотыңызда ең азы 15 000 теңге қалуы керек. Сондай-ақ теңгемен, АҚШ долларымен, евромен де қор жинай беруге болады. «Kaspi bank» депозитті 1000 теңгемен ашуға да рұқсат етеді. Әрі оның мерзімі 1 айдан 2 жылға дейін болуы мүмкін. Бірақ қандай мерзімге рәсімдегеніңізге қарамастан оның жылдық сыйақы мөлшері - 12% құрайды. Мұнда да депозитке ақша салу немесе алу операцияларын «Kaspi gold»мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыра бересіз.

2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап жинақ салымдары бойынша кепілдендірудің жоғары мөлшері 15 миллионнан  20 миллион теңгеге артты. Осыған орай ҚР «Екінші дәрежедегі банктердегі депозиттерді міндетті кепілдендіру туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Бұрын әрбір банкте аты айқайлап, шарты тербеліп тұратын депозиттердің неше түрі болса, бүгінде, бәрі өзгеше. Депозиттер банктерде шұғыл (немесе әмбебап), шұғыл (қолайлы) және жинақтаушы(жоғары) түрлеріне, 3,6,12,24 айға салуға болатын және толтырылып отыратын, толтырылмайтын болып бөлінеді. Шұғыл емес және шұғыл түрлерінен ақшаны түгелімен немесе жартылай алуға болады. Салымды ашу, жарнаны толтыру және одан ақша алу онлайн түрде де жүргізіледі. Егер сіз тиімді, пайыздық мөлшерлемесі жоғары депозит іздесеңіз, Қазақстан Республикасы банктеріндегі сыйақының пайыздық мөлшері тым алшақ емес, 03-0,5% пайыз шамасында.Қаржылық реттеуші ай сайын депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің ұсынылатын жоғары көрсеткішін тағайындайды, банктер сол мәліметтерге қарап сыйақы мөлшерін қояды.

Қаражатты қандай депозитке салуды таңдамас бұрын мақсатты айқындап алу керек. Сіз үшін депозиттен салымыңызды кез келген уақытта ала алу маңызды ма, әлде табыстың жоғары мөлшері ме? Жинақтаушы депозиттердің ең үлкен сыйақысы 12 айға салынғандарында. Шұғыл емес салымдар – бұл сыйақысы ең төмен депозиттер. Бірақ, ол кез-келген уақытта, арадағы келісімшарт мерзімі бітпесе де қалаған сомаңызды немесе бәрін түгел алуға мүмкіндік береді. Шұғыл емес салымдарға келсек, мұнда депозит бойынша сыйақы мөлшері жоғары. Десек те, мерзімінен бұрын алу мен депозитті жабуға қатысты талаптар қойылған. Жинақ салымдары – бұл ең жоғары кіріс әкелетін депозит, алайда, оны мерзімінен бұрын алудың қатаң талаптары бар. Мысалы, белгіленген мерзімге дейін келісімшартта көрсетілген соманы қалдырасыз.

Әрине, ешкім де инфляциядан, девальвациядан және басқаларынан сақтандырылмаған. Депозит ашу не үшін керек? Жоғарыда айтқанымыздай қаржы деген қарап жатпай табыс табуы қажет. Ақша әкелуі керек.

«Әр долларды өзіңе жұмыс жасауға мәжбүрле», демей ме белгілі миллиардер Джон Рокфеллер. Қаржыгерлер сіздің ақшадан мұқтаждық көрмеуіңіз қанша жалақы алатыныңызға емес, содан қанша қалатынына байланысты дейді. Кейде: «Қанша тапсақ та жетпейді», деп ренжіп жатамыз. Ондай жағдайға ұшырамас үшін қаржыгерлер өз кірісіңіздің ай сайын 10 пайызын депозиттік есепшотқа салып отыруға кеңес береді. Осыны ескергеніміз жөн. Қандай валютада депозит ашу өз еркіңізде! Бірақ теңгемен ашылған депозиттерде шетелдік валютаға қарағанда ай сайын қосылатын пайыз жоғары. Ақшаңыз банкте тұрып өсе береді.

Сөзіміздің тұздығы ретінде банк жұмыстарынан да бір мысал келтірейік. Алысқа бармай, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Құрманғазы аудандық басқармасы жайлы сөз қозғайық. Мұнда біліктілігі жоғары 8 қызметкер тұрғындарға қызмет көрсетуде. Олар кассалық операциялар, есепшот, депозит, карточка ашу, несие беру жұмыстарымен айналысуда. Тендерге қатысқандарға кепілдік, жеке тұлғаға несие беріп, аударымдар жасап, бюджетке әртүрлі төлемдер қабылдайды. Ол төлемдерді банкке келмей электронды түрде телефон арқылы жасауға болатыныхалықтың қаперіне берілуде. Қазір ауданда банктің 6 банкоматы жұмыс жасап тұр. Оның ішінде 4-і банк ғимаратында, біреуі Ақкөл ауылындағы вокзалда, біреуі Қиғаш ауылындағы «Қазтрансойл» мекемесінде орналасқан. Осылайша, банкоматқа деген сұранысты толықтай жауып отыр. Электронды қызметке көшу халықтың банкоматтан ақша шешуін екі есеге азайтты.
Бұл тұрғындарға қызмет көрсетуді оңтайландырудың нәтижесі.
Бүгінгі күні бұл филиал кәсіпкерлік субъектілерінен қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға өтуде. Ол дегеніміз «Халық Бос» төлемдік партияларын қабылдау. Тұтынушылардың арасында 1 пайыздық кепілдік бонус алулары және де осы қолма-қолсыз ақша төлеуге қатысуы арқылы апта сайын«Айфон» ұтысын ойнатып, коммуналдық төлемдерін100 пайыз қайтарып беруге көшуде. Мысалы, «QR» кодын қолданып төлесе, 100 теңгесі қайтарылады.Кәсіпкерлермен кездесіп, қолма-қолсыз төлемді түсіндіріп, қолдау көрсетіп жұмыс жасап жатыр.

Аудандық филиалдың басшысы Аслан Нұртазаев: – Бүгінде ғылым мен технологияның дамыған уақыты. Біздің банктің де қызметтері мобильді түрде қолжетімді. Онлайн несие алғанда алаяқтықтан сақтану үшін түрлі сұрақтар қойылады. Содан кейін барып беріледі. Бала күтіміне байланысты декретке шығатын әйелдер бізге хабарласса жағдайға сәйкес шаралар аламыз. Мысалы, алған несиелері бойынша төлемдері кейінге шегірілуі немесе оған өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мұны тұтынуышымен ақылдасып, оған тиімді етіп шешеміз, - дейді.

Депозит жайлы әңгімемізге қайта оралайық. 2022 жылдың 8 тамызында «BANKCHART» сайтында жеке тұлғаларға арналған қазақстандық банктердің пайдалы және ең тиімді депозиттерінің реитингісі жарияланды. Осында 58  депозиттер көрсетілген. Соның ең басында «RBK» банктің 15 пайыздық мөлшермен «Safe» депозиті тұр. Одан кейінгі орындарда ВТБ банктің «Доходный» (14,70%), Еуразиялық банктің «Турбо Депозит Накопительный» (14,66%, толтыру құқығынсыз), Хоум Кредит энд Финанс Банктің «Жинақтаушы Хоум» (14,58%) мобильді қосымшасы, «RBK» банктің Grand (14,50%), Altyn Bank-тің «Резерв» (14,20%) депозиттері жайғасқан. Соңғысы, яғни, Altyn Bank елімізге жақсы таныс Халық банкке қарайды.

Altyn Bank-тің «Резерв» депозитінің тиімділігі жайлы Құрманғазы ауылының тұрғыны Ерлан Беріков:

Сонау Кеңес Одағы билік құрған 1991 жылдың сәуір, одан кейін, 1993 жылы Тәуелсіздік кезінде қарашада ақша ауысқаны өздеріңізге жақсы мәлім. Сол кезде үйде сақталған ақшалар бір күнде құнсызданып шыға келіп, талайлар опық жеді. Кеңес Одағы ақша ауыстырғанда шектік мөлшер қоюына байланысты «Мынаны ауыстырып бер-дағы», деп рубльді таныстарына тықпалап жүргендерді көрдік. Ол уақытта жас болғаныммен ақшаны банкте сақтаған, соның ішінде депозиттерге салған тиімді екенін жақсы түсіндім. Бұл арқылы ақшаның сізге жұмыс жасауына мүмкіндік туады. Бүгінге қарағанда ертеңгі күн үшін ақшаның тиімділігі жоғары. Ал ақшаңызды үйде сақтайтын болсаңыз, онда ол инфляцияға ұшырайды.

Күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттап отырғанын жақсы білеміз. Осы ретте минусқа түсіп кетпеу үшін қолдағы бар қаражат пайда әкелуі керек. Өзім біраз жылдардан бері ауысқан ақшамды депозиттерге салып келемін. Әрине, бірнеше депозитке салып көрдім. Соңғы кездерде Халық банкке қарасты  Altyn Bank-тің «Резерв» депозитінің пайдасын көрудемін. Үстіне қосылатын мөлшері 14,20%. Салымның ең төменгі мөлшері 10000 теңге. Сонымен қатар «Центркредит» банктің толтыру құқығынсыз, үстіне 13,70 пайыз қосылып отыратын «Рахмет» онлайн депозиті барын да естідім. Бірақ, әркім өз таңдауын жасауға құқылы ғой, - дейді бізбен әңгімесінде.

Адал еңбегімен байып, жақсы тұратындар арасында: «Көп ақша табу – батылдық, оны сақтай білу – данышпандық, ал, дұрыс жарата білу – өнер» деген сөз бар. Сондықтан, қаржылық сауаттылық ешқашан артықтық етпейді.

Айнагүл Шакупова



 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT