Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қаржы саласы қызметкерлері күніне орай «Ұлттық тенге-ұлтымыздың нышаны» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Алдымен мерекеге орай аудандық экономика және қаржы бөлімі, қазынашылық, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Атырау облыстық филиалының Құрманғазы аудандық басқармасының қызметкерлерінің дайындаған бейнеролигі тамашаланды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнар Хасанова:
- Осы уақыт аралығында біздің ұлттық валюта әртүрлі сындардан өтті, бірақ соған қарамастан, біздің экономикалық модель қабілеттілігін көрсетті. Қаржы саласының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Бүгін біз ұлттық валютаның қолданысқа енген күнін атап өтудеміз. Қаржы саласы қызметкерлерінің жемісті еңбегінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – бюджет кірістерінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Қаржыгерлердің жоғарғы білімі мен әлеуеті еліміздің қаржы игілігін қамтамасыз етуге келешекте де ықпал етеді деп сенемін. Ауданымыздағы жоғарғы кәсіби сауатты, жауапты қаржы саласы қызметкерлерінің сіңірген еңбегі өте зор,- дей келе, облыс әкімінің алғыс хатымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймуханова, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Аделя Нұрмағанбетованы, облыстық қазынашылық департаментінің Құрмет грамотасымен аудандық қазынашылық басқармасының операциялық тобының бас маман-бас қазынашысы Әлия Шуринаны марапаттады. Сонымен қатар, бір топ сала ардагерлері мен үздіктеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов атаулы мерекенің мәні мен маңызына тоқталып, түрлі марапаттар тапсырды. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймуханова өзінің құттықтау хатын абыройлы еңбек еткен ардагерлерге ұсынды. Салтанатты жиын С,Көшекбаев мәдениет үйі әзірлеген концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Айнагүл Шакупова