Аудандық орталықтандырылған кітапханада Қазақстанның халық емшісі, «Ана жүрегі», «Еңбек ардагері» медалдарының иегері, ауданның Құрметті азаматы, 11 бала тәрбиелеп өсірген «Батыр ана» Дәметкен Серікбайқызының туғанына 85 жыл толуына орай «Шапағат шуағы боп нұр шашқан» атты еске алу кеші өтті.
Шара алдында қасиетті «Сазды» аралында аруақты аталар қорымында мәңгілік баяз тапқан әз ананың рухына құран бағышталып, мінәжат етілді.
Еске алу кешін әсерлеп жүргізген Ақмоншақ Төреханқызы өнегелі өмір жолынан өткен кеш кейіпкері туралы кең мағлұматтар беріп, бейнеюжеттер тамашаланды. Кітапханашы Гүлжан Ислямқызы Дәметкен Серікбайқызының шығармашылығына арналған «Ел анасы – Дәметкен» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Ата аруақтарының жалғастырушысымен тығыз шығармашылық одақта болған журналист-жазушы, марқұм Рахмет Иманғалиұлының есіміне жылы сөздер айтылды.
Академик-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Серікбай Ата» қоғамдық қорының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы кеш кейіпкерінің кісілігі мен кішілігі турасында тереңнен толғап, адами асыл қасиеттерін сөз етті. Шипагерлігінен гөрі адамгершілігі басым тұратын Дәметкен ананы қайталанбас феноменге балады.
Ардагер журналист Таңатар Дәрелұлының ақын жүрегі ата аруақты қастерлеуге саналы ғұмырын арнаған әзиз жанға деген құрметі мен сағынышын жыр жолдарына сыйдырды.
«Жақсының мейіріміне қанамыз ба,
Жүргендей әлі тірі арамызда.
Сексен бес жыл туғанына толған екен,
Әйгілі Дәметкендей анамызға.
Осы Ана кісіліктің тұрақтысы,
Ел-жұртты сусындатқан бұлақ күші.
Саздыдағы сарысүйек бабалардың,
Бастарына нұр жаққан шырақшысы.
Жан емес, жайын ойлап жанды күткен,
Халқым деп тілдескендей мәңгілікпен.
Тәуелсіздік басында осы Ана ғой,
Баба мекен – «Саздыға» қан жүгірткен.
Түсіне қоймаған соң аян беріп,
«Саздыға» қайта-қайта жаяу келіп.
Осы Ана рухтардан қуат алып,
Желпіген қиналғанда аяулы елі» болып өрілетін арнау өлеңін оқыды.
Келесі сөз кезегін алған елімізге танымал ақын Гүлзада Ниетқалиева тірлігінде «ақ ана», «ақ мама» деп ерекше қастерлеген жанның кең жүректігі мен жомарттығының шапағатын сезінгенін айтып ағынан жарылды. Кезінде «сенің орның жай мұғалімдік емес, жарқын болашағыңда поэзия әлемінен көріп тұрмын» деп кеңесін берген әз ананың бойында емшілік, сынықшылық қасиетімен қатар көріпкелдігі барына тәнті болғанын тебірене толғады. Кітапхана ұжымына өзі басқаратын «Сарайшық» әдеби журналында сөз өнеріне ерекше құштар жан, мемлекеттік қызметтің ардагері Зерек Сағыпазованың «Елге өмірін арнаған ел анасы» атты көлемді эссесі жарияланған санын тарту етті.
Іргелес екі ауылға ортақ перзент болған құдірет иесі жайлы Орлы, Нұржау ауылдық округтерінің әкімдері Жандос Бектеміров, Мұрабек Мұғалім жақсы лебіздерін білдіріп, ұрпақ тәрбиесіндегі, ауылды өркендетудегі бесенді істеріне тоқталды. Ұзақ жыл көрші отырған Меруерт, дәмдес, тілеулес болған Сара, Жібек апайлар сағынышты күндердің естеліктерімін бөлісті. Кеш барысында кітапханашылар мен мектеп оқушылары Г.Ниетқалиеваның «Ел анасы – Дәметкен» дастанынан үзінділерді мәнерлеп оқыды. Ауданға белгілі өнерпаздар Заря Қуанышқызы Майлықожаның «Ана толғауы» термесін, Ерболат Сұлтанов жергілікті композитор Е.Хабибуллинің ақын Т.Дәреловтің сөзіне жазған «Жан ана – жарығымыз», Гүлзада Тілегенқызы Ж.Байырбекованың «Анаңды сүйсең, менше сүй» әндерін орындады.
Шараның соңында киелі әулеттің бүгінгі мирасқоры, Дәметкен ананың кенже қызы Ардақтым Төлепбергенқызы жүректен шыққан жыр дестелермен кестеленген естелік хатты ата аруақты ұлықтауға еңбек сіңірген бір топ азаматтарға табыстады. Кешті қорытындылаған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Анар Мусина құдірет иесінің қыздары Ардақтым мен Нұрсұлуға, шараның өз дәрежесінде өтуіне белсенді атсалысқан Г.Ниетқалиеваға, З.Сағыпазоваға ескерткіш сыйлық пен гүл ұсынды.
Айбек НӘЖІМОВ