Артымызда тал қалсын десек

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауларының бірінде «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» деп ерекше атап көрсетті. Президент сондай-ақ «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылады» деді. «Істің басы – ниет» деген ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады.

Әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс. Ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде де маңызы зор екені баршамызға аян. Тұрмыста қолданылатын қызметі өз алдына бір бөлек әңгіме.

Қазіргі уақытта аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әр ұжым бөлінген аумақтар мен көшелерде қарқынды жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Бұл шара ең әуелі тұрғындардың табиғатқа деген оң қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталғандығы түсінікті жайт.

Тазалықтан бөлек, көшет егу жұмыстары да қарқын алмақ. Иә, ағаш егуге көңіл бөлу – адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі. Себебі, жасыл желектің жердегі экологиялық жағдайға тигізетін әсері өте үлкен. Тіршілік иелерінің барлығы ауаны қажет етеді. Фотосинтез барысында ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегіні шығарады. Өкпедегі газ алмасу процесін реттеп, тыныс алуды жақсартуға серпін береді. Ағаштарға жақын жерде өмір сүру физикалық және психикалық жағдайды жақсартады. Себебі, олар қан қысымын төмендетіп, стресті азайтатын қасиетке ие. Тізбектей берсек, тағысын тағы.

Сонымен қатар, дінде де ағаш егу сауапты іс саналады. Егер отырғызған ағаштың көлеңкесіне бір адам саяласа, ол үшін бұл іс садақа болып жазылады. Адам дүниеден өткен шағында да еккен ағашының сауабы қурап кеткенше оған келіп тұратын көрінеді. Адамдар үшін ағаш отырғызудың пайдасы қаншалықты мол екенін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірнеше хадистерінен де байқауға болады: «Егер әлдебір мұсылман ағаш көшетін отырғызса немесе егін ексе, кейін оның жемісінен адам жесе де, құс шұқыса да, мал жесе де, ол үшін садақа болып жазылып тұрады». Сондықтан әрбіріміз аула алдына бір түп ағаш отырғызсақ та, бұл әрекетіміз үлкен сауапқа кенелтетін, ең абзал істердің қатарынан болмақ.

Деректер бойынша, бір ағаштың үш адамды оттегімен қамтамасыз ете алатын қауқары бар. Дегенмен, қазіргі таңда автокөліктер мен түрлі зауыттардың көптігі экологияның бұзылуына алып келетіндіктен, бұл көрсеткіш аздық етеді. Бұдан бөлек, бүгінде аудан ішіндегі немесе ауыл-аймақтардағы ағаштардың көбі кәрі ағаштар екені жасырын емес. Әрине, жыл сайын аудан мен ауылдық округтердің айналасында көшеттер отырғызылып жатыр. Бірақ оны уақытында суару, күтіп-ұстау жағы әлсіреп тұр. Тіпті кейбір көшет егуге арнап қоршалған жерлерді тал-теректен бұрын арамшөп қаптап кетеді. Осындайда жыл сайын «пәленбай терек ектік» деп жарыса ақпарат беретіндерге қарап соның кем болғанда жартысы көктеп кетсе айналамыз баяғыда ну орманға айналар еді-ау деген жымысқы ойлар мазалай береді.

Шындығы керек, науқан барысында қаншама көшет отырғызылғанымен, көбіне қурап қалып жатады. Бұл мәселенің алдын қалай аламыз? Осы тұста шет мемлекеттерде кең қолданыс тапқан өсімдіктерді тамшылатып суару әдісі жақсы шешім бола алады. Бұл әдіс жасыл желектің тамырына суды, тыңайтқыштар мен оларды зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды біркелкі жеткізу үшін пайдаланылады. Тамшылатып суаруға арналған құбырлар топырақ үстімен немесе астымен өтеді. Су арықсыз, ысырап болмай-ақ бірден өсімдіктің тамырына жетеді. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажетті мөлшерде, яғни барынша үнемді түрде қолдануға мүмкіндік береді.

Көк таласа өскен тал-теректер елді мекеннің көркін ашады, ең бастысы желден, аяздан ықтап, қорғайды. Сондай жасыл белдеулер молынан болса қоршаған ортаға жақсы әсерін тигізері айдан анық. Бабалардан  жеткен «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы. Теректі егу бір жұмыс, оны күтіп-баптап өсіру – бөлек шаруа. Келер ұрпаққа жасыл желекке оранған шырайлы мекен қалдырсақ, олардың бізге алғыстан басқа айтары болмас. Артымызда өзге байлық болмаса да тал қалсыншы, ағайын!

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT