Қарой туралы толғаныс

(0 Votes)

Махамбет поэзиясы күндеріне!

Бұл қоғамның түрткілдейді желі ойнап,

Бас қатырам әрі ойлап, бері ойлап.

Әділдікті таппасымды білем де,

Қиялыммен барып қайтам Қаройға.

 

Қайдан көңіл тола қойсын бүгінге,

Қарау пиғыл қалмасын деу түбінде.

Ызалы жыр жазған қолдан не келер,

Қарой табам екі күннің бірінде.

 

Ерлік жайлы әр кәлләда әр ой тұр,

Оны қайтсін құлқын тоймас тар ойлы.

Қайран ердің қайғы-шерін тербеген,

Бар мекеннен ерек көрем Қаройды.

 

Терең сырдай қайғы жүзген қоңырлық,

Неге, неге үзілмесін көңіл-жіп.

Әділдіктің Туын тіктеп ер Махаң,

Осы жердің құшағында өмірлік.

 

Ұлы ерліктің көнермейтін туса әні,

Қоңыр дала қоңыраяр бусанып.

Бойтұмар ғып тағарлықтай киелі,

Қанға көктеп өскен желбір жусаны.

 

Аспан сырлы, Күні тұрсын ағарып,

Қайғымыз бұл кеттік біздер жаңарып.

Әділдікке жетем деген ұл болса,

Топырағының әр түйірі – тәбәрік!

 

Қаройым бар,жаным менің жай таппас,

Түні үрейлі, жұлдыз жылап, ай қашпас.

Денесінен басы бөлек бабаң бар,

Қарашығым, аяғыңды байқап бас!

 

Қойған заман кереңдерге сөз өтпей,

Ұят, ынсап сыпырылған көйлектей.

Біздің тірлік Махаңды ойға салады,

Бірікпейтін бас пен дене бөлектей.

 

Дене ол – ел, бассыз дағы дәрменсіз,

Елсіз бас та қайдан ғана әлденсін.

Қалжыраған батырға ұқсап қалғиды,

Қарой деген талай кепті көрген түз.

 

Қиялыммен күнде жетем мен саған,

Саған басын исе иер, кең ғалам.

Тоймас құлқын бүлк еткенде күйініп,

Құлының боп шұрқыраймын ен салған.

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521