Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының конференциясы өтті. Конференция жұмысына аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова, дербес бөлім басшылары, ауылдық округтерден 44 делегат қатысты.
Алғашқы кезекте ардагерлер конференциясын ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимовтің атқарылған жұмыстардан қысқаша баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша 19 ауылдық округте, аудандық полиция, білім бөлімі мен агротехникалық колледжде ардагерлердің бастауыш ұйымдары жұмыс жасайды. Жалпы ауданымызда 5455 ардагер болса, оның 1861-і ерлер, 3594-і әйел адамдар. Олардың ішінде 3372-сі 63-73, 1397-сі 70-80, ал, 597-сі 80-90 жас аралығында. 100 жасқа дейінгі ардагерлер 89 адам. Жыл басынан бері 38 конференция, дөңгелек үстелдер, 46 әлеуметтік сенбіліктер,40 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, 38 спорттық сайыстар және басқа да шаралар ұйымдастырылған. Оған 1171 ардагер қатысқан. Сол сияқты 12 ардагердің тұрғын үйі жөнделіп, 17-сінің коммуналдық төлеміне көмек көрсетіліп, 49-ы азық-түлікпен қамтылған.1115 адамға материалдық көмек беріліп, 25 ардагер ауданның Құрмет грамотасы, облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттары, Хиуаз Доспанова төсбелгісімен марапатталған. Ардагерлер ұйымының 35 жылдығына орай іс-шаралар жоспары жасақталып, оның аясында шахмат, дойбыдан жарыстар өткізіліп, аудандық «Serper» қоғамдық-саяси газетінде кеңес төрағасының мақаласы, ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғымановтың мерекелік арнау өлеңі жарық көрген. Биылғы жылы ардагерлер кеңесінің пленумы – 3, төралқа мәжілісі – 8 рет өткізілген. Осы және басқа да атқарылған жұмыстарды тілге тиек еткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов конференцияға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің, Қазақстан Журналистер одағыны мүшесі Жұмақай Ғұмаров: – Ардагерлер кеңесі қарияларымызды рухтандыра отырып, қоғамдық ұйымның беделін арттырды. Ауылдық округтердегі бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіріп, халықтан оң бағасын алуда. Жеке шаруамен айналысып жүрген Өтежан Дайынов, Оразғали Алғаязов, Елжан Нәжиев сияқты ардагерлер кейінгі буынға үлгі көрсетуде. Кешегі өткен Президент сайлауында да ардагерлер бақылаушы ретінде учаскелерде кешке дейін отырды, – деп, аталған қоғамдық ұйымның жұмысына оң баға берді.
Конференцияға қатысушылардан Шортанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағалары Тілекбай Нашанов, Нұрлығайын Нұғыманов, сөйлеп, атқарылған жұмыстарға баға беріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев: – Отанның бірлігін сақтау үшін отбасының татулығы, бірлігі басты назарда болғаны жөн. Осы орайда біздің аудандағы жағдай аса мәз емес деп айта аламын. Өйткені өткен 11 айда 206 шаңырақ көтеріліп, жұп құрса, соның 136-сы ажырасуға ниет білдірген. Олармен жұмыс жасалды. Қарап отырсақ отбасын құрғандардың 65 пайызы кері ажырасуға келеді. Сондықтан бір ата мен отбасы, ене мен келін арасындағы қатынастарға мән беріп, соған сай жұмыс жасауға міндеттіміз. Жастарды, халықты отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін терең тамырлы тарихымызды білуіміз қажет. Тарихты біліп, мақтан ету арқылы олардың отаншылдығы, ұлтжандылығы артады. Біз осы тарихи кезеңде халқымыздың мақтан етері – татулық, қонақжайлық, құдандалы сыйластық, ағайын-тума арасындағы жақсы қарым-қатынас. Әлем бойынша тоғызыншы орында тұрған елімізде осыны дамытып, сақтауымыз керек. Осыдан екі ғасыр бұрын Абай данамыз айтып кеткен кемшіліктердің бәрі әлі жойылған жоқ. Соны қалайда жоюға қызмет жасауымыз қажет, – деп өз ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова конференция жұмысын қорытындылап, ардагерлер кеңесінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Қанат ҒҰМАРОВ