«Елдің елшілдігі де, ердің өршілдігі де әйелден» деп халқымыз бекер айтпаған.
Қашанда бақыттың бастауы, берекенің ұйытқысы – ананың орны ерекше. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тарих қойнауынан сыр шертсек» тақырыбында әртүрлі салада еңбек еткен аналармен сыр-сұхбат кеші өтті.
Шараны Құрманғазы ауылдық округі, аналар кеңесі биылғы жылы ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толуына орай «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының «Бақытты ана – бақытты отбасы» бөлімі аясында ұйымдастырды.
Еңбек ардагері 94 жастағы Мырзан Сапарова, жеке шаруашылық қожалығының иесі Хадиша Нәбиқызы, қарапайым еңбек адамы Гүлжиян Елемесқызы, кәсіпкер Қайша Уагапқызы, балабақшада жұмыс істеген Сания Нахыпқызы, білім, мәдениет саласының ардагері, «Ақтілек» әжелер ансамблінің жетекшісі Рысты Нәжімқызы көрермен ықыласымен сахна төріне көтерілді.
Экраннан кеш қонақтарының ғұмыр деректері қамтылған видеоролик назарға берілді. Өнегелі өмір иелері кеш жүргізушілері қойған сауалдарға тұщымды жауап беріп, отбасы құндылығы, келін мен ене арасындағы сыйластық, бала тәрбиесі, салт-дәстүрлер төңірегінде әсерлі сыр-сұхбат өрбітті.
Құрманғазы ауылдық округі әкімі Абдуррахман Муса құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімінің алғыс хаты мен гүл шоғын асылдың сынығы, ақжаулықты Мырзан Сапароваға табыстады.
Құттықтау легін жалғаған «Amanat» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Хисметуллин даналық жолды жалғаушы жандарды Алғыс хатпен марапаттап, мерейін өсірді.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова Облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінің Алғыс хатымен ардақты аналарды ұлығылап, иықтарына ақ жібек орамал жапты.
Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Тукестаева кеңестің іс-жоспарына қолдау көрсетіп, шараның өтуіне мұрындық болған округ әкімі, барлық мекемелерге, қоғамдық ұйымдарға зор ризашылығын айтты.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, тағылымды жандардың ағайын-туыс, ұрпақтары, бұрынғы әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, гүл шоқтары мен сый-сияпатын ұсынды.
Еркеназ Қалижан