Ауданымыздың қоғамдық өмірінде медицина саласы қызметкерлерінің алатын орыны ерекше. Адам өмірі мен денсаулығы үшін уақытпен санаспай атқарып жүрген қызметтері қандай құрметке де лайық.
Талайларды дертінен сауықтырған ақ халатты абзал жандардың арасында саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ардагерлеріміз де жүр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді», дегендей, олар, бүгінгідей дәрігерлер тапшылығы орын алып отырған заманда аудан тұрғындарына қолдарынан келген көмегін көрсетіп, әріптестерін қолдаудан тартынып қалған емес. Ардагерлердің ақыл-кеңесі мен тәжірибесі қашан да артық етпесі анық. Біразы әскер қатарына шақырылушылардың денсаулықтарын тексеретін комиссия құрамына да кірді.
Комиссия құрамындағы еңбектерін елеп, «Қазақстан ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Атыраудағы қайырымдылық қоры бір топ ақ халаттыларды «AVICENNA» (Авиценна) мерекелік алтын медалімен марапаттады. Қор атынан ауған соғысының ардагері Айжарық Сақташов сөйлеп, ел үшін жасап жатырған ерен еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, аталған медалді медицина саласының ардагерлері Балтабай Баритовқа, Рахметолла Нысановқа және белгілі дәрігер-невропатолог Алпысбай Досқалиевке табыс етті. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Асулан Абдурахмановқа «Ауған соғысының ардагерлері» энциклопедиясы сыйға тартылды.
Қанат ҒҰМАРОВ