Ардагерлер үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимовтың бастауымен кеңес мүшелері және белсенді азаматтар ҚР Конституциясына енгізілетін түзетулер мен өзгерістерді талқылады.
Отырыс барысында, Сағынжан Рахимов 5 маусымда оздырылатын бүкілхалықтық референдумның мәні мен маңызын алдымен ауданның алқалы тобына кеңінен түсінік беріп, кейін халықтың көкірек көзін оятуға атсалысуға шақырды. Мұнда «суперпрезиденттіктен» бас тарту, өкілді және атқарушы билік тармақтарының трансформациясы, азаматтарды мемлекетті басқару жүйесіне тарту сынды конституциялық реформаның негізгі ережелеріне баса назар аударды. –Сіздерге қойылатын басты талап - референдумға қатысу. Бұны басқаларға да айтып, жүз пайыз болмаса да, олардың қатысуына, пікір білдіруіне себепші болуымыз керек. Маған да, сіздерге де ел азаматтары ретіндегі бірінші тапсырма осындай. Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам Заңды қабылдау ескерілді. Яғни, еліміздің құқықтық жүйесінің басым көпшілігі өзгеріске ұшырайды. Сондықтан неге, қалай, не үшін дауыс беретінімізді білуіміз шарт. Өйткені, Конституцияға енгізілетін түзетулер демократиялық өзгерістерге бағытталған, яғни олар әрбір қазақстандықтың өмірімен тікелей байланысты,-дейді төраға.
Жиын соңында ардагерлер референдумның маңыздылығын ұғынып, ондағы негізгі басымдықтар мен ерекшеліктерді қаперге ала отырып, тұрғындарды саяси науқанға қатысуға шақырды.
Жайдарлым Қайреден