Ардагерлер әрқашан да сапта

(0 Votes)

Еліміздегі «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігіне 35 жыл толып отыр.  Қазіргі уақытта екі миллионға жуық мүшесі бар ірі ұйым 1987 жылы 21 наурызында құрылды. Оған дейін де 1956 жылдан бері соғыс ардагерлерінің кеңестік комитеті жасап келді. Алайда ол ұйым орталықтандырылмаған бытыраңқы болатын. Тек сол күннен бастап облыстық, аудандық және қалалық ұйымдар республикалық кеңестің құрамына кірді. Осыдан кейін-ақ адагерлер ұйымдары дамуға жаңа серпін алды. Аға ұрпақтың мүддесін қорғау мақсатында қоғамдық өмірге белсене қатысуға, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда кеңінен өкілдік етуге жұмылдырылды. Қазақстан өз алдына тәуелсіздігін жариялаған шақтан ардагерлермен жұмыстың қазіргі заманға сай моделі қалыптастырылып, өз нәтижесін бере бастады.

Аудандық ардагерлер ұйымы алғашында 1982 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлер ұйымы болып құрылды. Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымы ретінде жұмыс жасап, 2011 жылдан бастап республикалық ардагерлер кеңесінің VІ съезінде қоғамдық бірлестіктің қаулысы негізінде Құрманғазы аудандық филиалы деген сенімхат тапсырылып, мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Ардагерлер ұйымы жарғысына сай төралқа құрамы, тексеру комиссиясы, салалық комиссиялар құрылып, жұмысын жалғастырды. Белгіленген мерзімде есептері тыңдалып, жыл соңында пленум мүшелері алдында жылдық жоспары бекітіледі. Аудандағы 19 ауылдық округтің барлығында, білім беретін мектептерде 23, техникалық колледжде 1 бастауыш ұйым бар. Аудандағы 6097 зейнеткердің әлеуметтік картасы жасақталып, облыстық ардагерлер ұйымы базасында салынды. Аудандық ардагерлер кеңесін әр жылдарда Дощанов Муса, Нұрғалиев Асқар, Тілепов Жүсіп, Сәрсемалиев Социал, Құмарғалиев Орынғали сынды азаматтар басқарды. Олардың барлығы да кезінде ауданның экономикасын дамытуда, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларды жақсартуда үлкен еңбек етіп, аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын өркендетуде мол үлес қосты.

Аудандық ардагерлер кеңесі өз жұмысын жоспарға сай атқарып, мемлекетіміздің саясатын жүзеге асыруға атсалысып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің  жыл сайынға Жолдауларын насихаттап,  аудан зейнеткерлерінің арасында талқылап, түсінік жұмыстарын жүргізеді. Бұл  мақсатта әр округке пленум мүшелері бөлініп, Жолдаудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін талқылайды. Кейінгі кезде қолға алынып жатқан саяси өзгерістерді жасау, демократияны одан әрі дамыту, халықтың белсенділігін арттыру, сайлау жүйелерін реттеу және оған өзгерістер енгізу сияқты қоғамды ілгері дамыту жөніндегі ұсыныстарды халық арасында кеңінен түсіндірді. Республикалық референдум бойынша арнаулы төралқа отырысының қаулысын қабылданып, саяси маңызды науқан бойынша аудандық штаб құрылып, нәтижелі жұмыс жасады. Осы жұмыстарда пленум мүшелері Ө.Қажымғалиев, З.Ақпанов, Ғ.Қалиев, Н.Нұғыманов, Қ.Жармұхамбетов, Т.Дәрелов, Ж.Тайров жақсы белсенділік танытты.

Отыз бес жылдық мерейтойға орай аудан әкімінің келісімімен түрлі мәдени, рухани, басқа да іс-шаралар жоспары жасақталды. Ардагерлер арасында салауаттылықты насихаттау, денсаулықтарын нығайту мақсатында шахматтан, дойбыдан жарыс өткізіліп, жеңімпаздарға арнаулы дипломдар, медальдар тапсырылды. Ойшылдардың додасында ардагерлер Нұрғалиев Розымбек, Нұрмұханбетов Базарбай, Ниязова Сабила үздік шығып, бірінші орындарды иеленді. Мұндай шаралар ауылдық округтерде де өткізілуі керек болатын, тек  Еңбекші округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев қана өздерінде ұйымдастырды.

       Сөз соңында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толуына байланысты мерекелік шараға үлкен мән беріп, өз деңгейінде тойлануына септескен аудан әкімдігіне, аудандық маслихатқа, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйіне, «Серпер» газеті редакциясына ардагерлер атынан үлкен ризашылығымды білдіремін.

       Сағынжан РАХИМОВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT