Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен № 7 өрт сөндіру бөлімінің ардагерлері ауданымызға танымал спортшы, әлем чемпионы Ерсейіт Бралинге құрмет көрсетті.
№7 өрт сөндіру бөлімінде бір бөлмені әріптестері Ерсейіт Бралинге беріп қойыпты. Ішінде зілтемірлер, кір тастары, тренажерлер, басқа да жаттығу құралдары тұр. Аталған бөлімнің бір жақ қабырғасына қазақтың үш биінің суреті салынған кең, терезелерінен жарық төгілген акт залында өткен шараны Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ақгүл Әлібекова жүргізді.
Төтенше жағдайлар бөлімі ардагерлері атынан Сәкен Хабибуллин сөйлеп: – Бөлім ардагерлері ақылдасып, бірлесіп, ортақ шешімге келіп Ерсейтке арналған марапатымызды ұсынуға келіп жатырмыз. Бізді қолдап, осындай шара ұйымдастырған аудандық төтенше жағдайлар, аудандық № 7 өрт сөндіру бөлімінің басшыларына рахметімізді айтамыз. Ерсейіт жалғыз өзінің емес, Қазақстанның, оның ішінде біздің бөлімнің мерейін өсірді. Себебі, қайда жұмыс жасайды дегенде, аудандық №7 сөндіру бөлімі аталды. Бәріміз де осы бөлімнің ыстығына күйіп, суығына тоңып абыроймен қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықтық. Әлем чемпионы атанғаныңызға, арамызда сіздей спортшы барына қуаныштымыз, – деп ардагерлер болып жиналып арнайы жасатқан, әлем чемпионының есімі алтын әріптермен жазылған естелік сыйлығын табыс етті.
Келесі кезекте №7 өрт сөндіру бөлімінің ардагері Серік Тарихов ізгі тілегін жеткізіп:
– Бүкіл елді, әлемді мойындатып отырсыз. Алға қарай да жетістіктерге жете беріңіз! Жұмысқа алғаш келгенде өзіне бір кабинет ашқанбыз. Сондағы құралдар әлі тұр екен. Әріптес ініміз Ерсейіт өзінің еңбегімен осындай дәрежеге жетті. Сізді мақтаныш тұтамыз. Жұмыстарың тек тыныш болсын! Кезінде осы ғимаратты салғанда басы-қасында жүріп, қанша тас кеткеніне, күніне қанша қатар өрілгеніне дейін бақылауда ұстадық. Күн сайын фотоға түсіріп, басшыларға есеп беретін едік. Қазір сіздер қызығын көріп жүрсіздер, – дей келе әлем чемпионы атанған әріптесіне алдағы күндерде де жеңістер, ардагерлерге мықты денсаулық, ұзақ өмір тіледі.
Осындай тілектер аталған бөлім ардагерлері Қайырбек Қабдырахманов, Салтанат Қамиева, Манарбек Есімғалиев тарапынан да айтылды. Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ақгүл Әлібекова, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Азамат Шайхиев ардагерлер Серік Тарихов, Қайырбек Қабдырахмановқа «Батыр шапағаты» медалін, Салтанат Қамиеваға «Асыл ана» төбелгісін, қызметкерлер Руслан Әлімғазиев, Бекжан Самиғуллаев, Тілекқабыл Елемесұлы, Серік Тасқайырұлына аудан әкімінің, облыстық ТЖД, аудандық ТЖБ басшыларының Алғыс хаттарымен ұлықтады. Соңында әлем чемпионы Ерсейіт Бралин көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.
Бізбен әңгімесінде Ерсейіт Нұрмұханбетұлы: – Спортты мектеп қабырғасында жүргенде, 13-14 жасымда күрестен бастадым. Кейін ауыр темірлерді, кір тасын көтеруге қызығушылығым оянап, айналыстым. Қашағанда вахталық әдіспен жұмыс жасағанымда сол жердегі жақсы ағалармен қосылып бірге жаттығып, тәжірибе жинадым. Қазіргі жаттықтырушым Александр Литей деген кісі. Бірге дайындалып, жарыстарға барамыз. Ол кісі өзі де ардагерлер атынан бірнеше рет әлем чемпионы болған адам. Биыл мамыр айында Алматы қаласында Азия чемпионатына қатысып, ІІІ орын иелендім. Содан кейін республикалық көшпенділер ойыны, «Толағай» алыптар сайысына іріктеуде ІІІ орын алдым. Қазан айының 24-27-сі арасында Қырғызстанның Бішкек қаласында пауэрлифтингтен 100 келі салмақта әлем чемпионы атандым. Оған 10 шақты елден 800-ге жуық спортшы қатысты. Құрметтеп жатқан еліме, ауылыма, ардагерлерімізге үлкен рахмет айтамын, – деді.
Қанат ҒҰМАРОВ