Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

(0 Votes)

Аудандық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс пленумы өтіп, оның жұмысын аталған ұйымның төрағасы міндетін атқарушы Ержан Ғайнетов жүргізді. Пленум мен алқа мүшелері  өмірден өткен  кеңес төрағасы Сағынжан Рахимовты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жыл ішінде атқарылған жұмыстардан хабардар еткен ұйымның төрағасы міндетін атқарушы Ержан Ғайнетов: – Ардагерлердің облыста өткен шахмат ойынына Ақмарал Мыңбаева  қатысып жүлделі ІІ орынды иеленді. Қолөнер сайысына Ғалия Рысқалиева қатысып, жақында күй тартудан облыста өткен жарыста ардагерлердің арасынан Талапқали Зайнуллин ІІ орын алды. Қыркүйек-қазан айларында ауданда 19 ауылдық округтегі бастауыш ұйымдарда есеп беру-сайлау жиналыстары өтіп, оған бөлінген пленум мүшелері қатысып, 5 – бастауыш ұйымда жаңадан төраға сайланды және 16 қазанда пленум мүшелері мен округтегі бастауыш ұйымдардың төрағаларымен аудан әкімінің үлкен залында семинар ұйымдастырылды. 1 қазан    Қарттар     күніне  барлық  19  ауылдық округтерде   ардагерлер  жиындары  болып,  мерекелік  концерттер ұйымдастырылып,   марапаттар  ұсынылды. 12  мектепте ардагерлер оқушылармен кездесіп, 29– қайырымдылық  сенбіліктер,  8 – әлеуметтік     ауылшаруашылық  жәрмеңкесі,  жалпы алғанда барлығы – 102  қоғамдық іс-шаралар өткізіліп, оған 1418   адам  қатысты.   Одан басқа 14-інің  тұрғын  үйі  жөнделіп,  6 адамға коммуналдық  қызмет көрсетіліп, 8-іне азық-түлікпен  көмектесіп, 420  дана газет-журналдарға жаздырып, 32 ардагерлерге тегін дәрі-дәрмек,  248 адамға  мерекелік   түскі  ас, 28-іне жемшөп, 16-сына  қыстық отын, барлығы  772  ардагерге  осындай қайырымдылық көмектер  берілді.  Сонымен  қатар,  Азғыр  ауылдық округі  қазанның  1-ші  жұлдызында 38  ардагерді көршілес Батыс  Қазақстан  облысы,  Бөкей Орда ауданы, Орда  ауылдық  округінде  орналасқан  Жәңгірхан  тарихи мұражайына саяхатқа апарды.   

Жалғыз басты аналар мен аз қамтылған жанұяларға ай сайын  көмек көрсету барлық округтерде дәстүрге айналып жалғасып  келеді. «Ардагерлер ұйымы»  республикалық қоғамдық бірлестігінің ұсынысы бойынша ауданда және 19 ауылдық округтерде ардагерлер кеңесінің жанынан «Әжелер алқасы» құрылды алға қарай олардың да жұмыстары  жалғасын табады. Осы жұмыстардың бәрін аудан әкімінің бөлімдері, ардагерлер, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымдары төрағаларының бірлесіп атқарған жұмыстары деп түсінулеріңізді сұраймын, – деді. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына Ержан Ғайнетовті ұсынып: – Бұл ағамызды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ұзақ жыл басшылық қызметте жасап ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Басқару ісінде тәжірибесі мол. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы. Біздің ұсынысымызды республикалық, облыстық ардагерлер ұйымдары қолдап отыр,– деп сенім білдірді.

Ардагерлер кеңесінің мүшелері Ғизатолла Мүрсалиев, Нұрлығайын Нұғыманов, Шафхат Мұфтахов, Өмірзақ Қажымғалиев жаңа төрағаға қолдау білдіріп, аудан әкіміне өз ұсыныстарын жеткізді. Ұсыныстарда қазіргі күні аудандық ардагерлер кеңесінің отырған орны тарлық ететіні, көлікпен қамту қажеттігі, қағаз-қаламды өздері сатып алып жүргені, үлкендерімізді жылда санаторийлерге жіберуге демеушілік жасау, ұйымның дербес есепшотын ашу, қарияларымыздың халықты тәрбиелеуде өлкетану мен салт-дәстүрге көңіл бөлуі және басқалары айтылды. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова есепшот ашқан жағдайда үнемі айналымға ақша түсіп тұруы қажеттігін, оны кері жабу қиынға түсетінін қаперге берді. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы ардагерлер кеңесіне көлікпен көмектесетінін, жеке есепшоп ашпай мемлекеттік емес ұйыммен келісіп, солар арқылы демеушілік көмектерді қабылдауға, орын тарлық етсе, күрделі жөндеуден өткен бұрынғы мұрағатқа көшулеріне болатынын жеткізді.

Пленумды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов қорытындылап, уақыт бөліп қатысып жатқан аудан басшысы мен ардагерлерге ризашылығын білдіріп, жұмыс қиын болғанымен сенімнен шығуға уәде етті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT