Мемлекеттік қызмет – ел дамуындағы маңызды қызметтердің бірі. Мемлекет пен қоғам арасындағы татулық пен сенімнің мәңгі болуына осы саладағы қызметкерлердің рөлі ұшан-теңіз.
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Осындай құрметке ие болған мемлекеттік қызмет саласының ардагері – Талғат Жаудин.
Аудан әкімі Абат Жанғалиев ұзақ жылдар бойы сәулет және құрылыс саласында жемісті еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде ауданның бас жоспарын әзірлеу мен жүзеге асыруға сүбелі үлес қосқан Талғат Хамитұлын мерейжасына орай қабылдады.
Оның барысында Абат Сайфоллаұлы ардагерге зор алғысын білдіріп, облыс әкімінің және өзінің Алғыс хатын, естелік сыйлығын табыстады. Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева ақжарма тілегін білдіріп, сый-құрметін көрсетті.
Құттықтаулар легін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Имашев, құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұратбек Мұхитов, мерейгердің жора-жолдастары жалғап, жылы лебіздерін арнады. Өз кезегінде Талғат Хамитұлы көрсетілген құрмет пен еленген еңбегі үшін азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Айнагүл Күнұзаққызы