Кудряшов ауылдық округіне қарасты Арна ауылында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Нәжімеден Торғайұлы Шүкірәлиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ғибратты ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.
Ардагердің есімі ауданымызға жақсы таныс. Абыз Әбу Сәрсенбаевпен жақсы дос болған. Майдангер жазушы арқылы Сатыбай Намазәлиев, Әзілхан Нұршайықов, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов сияқты қазақтың тау тұлғаларымен достық қарым-қатынас орнатқан. Олар ауданымызға ат басын тірегенде, түсетін үйіне айналып, талай мәрте дастарханынан дәм татырған. Ұрпақтарының демеушілігімен ұйымдастырылған, Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептің алдында өткен шараны Кудряшов ауылдық клубының ұйымдастырушысы Гүлзада Аюпова жүргізді.
Нәжімеден Торғайұлы 1942 жылы маусымда әскер қатарына шақырылып, Сталинград-Дунай Қызыл тулы дивизиясының 73-ші гвардиялық атқыштар полкі №1-ші батальонының құрамында қалың жаумен шайқасқа түседі. Кешікпей аға сержант атағы беріледі. Сталинград шайқасына қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Нәжімеден ата 1942 жылы Урдом селосына шабуыл кезінде оң аяғынан ауыр жарақаттанады. Мәскеу мен Қорған қалаларындағы әскери госпиталдарда үш ота жасатып, елге оралады. Елге келген соң Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, одан кейін жарты ғасырлық ғұмырын (1943-1993) ММС (қазіргі Арна) ауылындағы Н.Гоголь (Ғ.Мүсірепов) атындағы орта мектепте шәкірт тәрбиесіне арнайды. Көп жылдар облыстық, республикалық мұғалімдер съездерінің делегаты болып сайланады. Майдангер «Отан соғысы» орденімен, «Г.К.Жуков», «Сталинград шайқасына 50 жыл», «Германияны жеңгені үшін», бірқатар медалдармен, басқа да марапаттармен ұлығыланған. Жұбайы Зулфат екеуі 10 бала тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосты.
Еске алу шарасында Кудряшов ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Жиенқұл Жұмахметов, Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Асылбек Дәлиев құттықтау сөз сөйлеп, ардагердің ауылға сіңірген еңбегін, шәкірт тәрбиесіне қосқан үлесін жоғары бағалап, осындай ұлағатты шара ұйымдастырып жатқан ұрпақтарына ризашылығын білдірді. Ардагердің ұлы Біржан Шүкірәлиев: – Бір ауыз сөзімізді жерге тастамай осындай шараға көмек көрсеткені үшін округ әкімшілігіне, мектеп басшылығына рахмет айтамыз. Бізді, он баласын аман-есен өсіріп, ел қатарына қосқан, білім берген әкемізің алдында мәңгілік қарыздармыз. Бәріміздің атымыздан алғысымыз шексіз. Балалары болып ақылдасып, 100 жасқа толғанын көптеп-көлемдеп, ел болып атап өтейік деп шештік, – деп спорттық ойындар ұйымдастырылып, аз қамтылған отбасы балаларына мектеп құралдары табысталып, «Шеркеш» мейрамханасында атаның рухына арнап ас берілетінін жеткізді. Ардагердің келіні Зинахан Шүкірәлиева да өз сөзінде шараны ұйымдастырушыларға жүректен шыққан ізгі тілегін арнап, спорттық ойындарға қатысушыларға сәттілік тіледі. Майдангердің жиені Алмира Жұмабекова «Адай» күйін, мектеп оқушысы Райхан Сағидоллаева «Әкеге алғыс» әнін орындады.
Шараның ресми бөлігі аяқталған соң, мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары спорттық турнирлер – білек күшін сынасу, кір тасын көтеру, арқан тартыс, волейбол, шахматтан бақ сынады. Қызықты өткен жарыстар қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар, медальдар, «Нәжімеден ата. 100 жас, еске алу» жазуы бар бейсболкалар, кубоктар табыс етілді. Сонымен қатар, Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектеп берген тізім бойынша 10 аз қамтылған отбасының балаларына мектеп құралдары салынған сөмкелер сыйланды. Соңында атаны еске алу дастарханы жайылып, қонақасы берілді.
Қанат ҒҰМАРОВ