Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы, аудан энциклопедиясының бірнеше шығарылымының авторы, редакциямызда ұзақ жылдар бойы бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарған Асқар Дүйсенғалиұлы Ғұмаров мерейлі 75 жасқа толып отыр. Осыған орай Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Муса Абдуррахман қабылдап, құрмет көрсетті.
Мерейгердің ұлағатты өмір жолын, қаламгерлік қызметін жоғары бағалаған округ әкімі Абдуррахман Рахметұлы Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасын, округ әкімінің Құттықтау хатын ұсынды.
Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев мерейлі жасымен құттықтап, журналистика ардагерінің адами асыл қасиеттеріне, шығармашылық шеберлігіне тоқталып, жаңа кітабын сыйға тартты.
Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова да мерейгерге деген жылы лебізге толы ақ тілегін арнап, Құттықтау хатын, сый-сияпатын табыс етті. Аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің басшысы Нұрболат Елеусіновтің сәлемін жеткізіп, Құттықтауын, редакция ұжымының Құттықтау хатын табыс етіп, әріптесі Асқар Ғұмаровқа шапан, жұбайы Айман апамызға камзол жауып, естелік сыйлығын берді.
Аудандық мұражайдың директоры Жазира Мадирова да өз тарапынан ақ тілегін арнап, Құттықтау хатын табыстады.
Ақ тілектер легін үлкендеріміз, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, танымал ақын Таңатар Дәрелұлы, әріптестері Жұмақай Ғұмаров, Мадат Сәрсекеев, аудан ардагерлері атынан Ержан Ғайнетов, білім саласының ардагері Әуез Ізжанов, ауылдық округтің аналар кеңесінің төрағасы Гаухария Төкестаева жалғап, мерейгермен жұмыстас, таныс-біліс болған жылдардағы үлгі тұтар адами болмысына тоқталды. Соңында Асқар Дүйсенғалиұлы көрсетіліп жатқан құрметке шынайы ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ