С.Имашев атындағы жалпы орта мектепте ардагер ұстаз, «Аға мұғалім», «Әдіскер мұғалім» мәртебелі атақтарының иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, журналист-өлкетанушы Нариманбек Шолтырұлының құрметіне кабинет ашылды.
Алдымен құттықтау сөз алған мектеп директоры Ризабек Құмаров келген қонақтарға қош келдіңін айтып, Нариманбек Шолтырұлына құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева 41 жыл ұстаздық еткен ардагердің өмір жолы кім-кімге де үлгі боларлықтай екенін, кезінде оның шәкірттері үнемі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ресупбликалық олимпиадаларда топ жарғанын тілге тиек етіп, ұлағатты ұстаздың тәжірибесі, ақыл-кеңесі кейінгі буынға әлі де қажеттігін алға тартты.
Нариманбек Шолтырұлына және осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған шәкірті, С.Имашев атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Ұлан Иманғалиевке алғыс хатын тапсырды. Келесі кезекте ауыл әкімі Гүлжазира Қайратқызы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Хамзаев, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Айнгүл Шакупова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова ақжарма тілектерін білдіріп, ардагердің шығармашылық бағыттағы жетістігіне, аудандық газеттің тұрақты авторы екеніне, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігіне тоқталып, құрметтерін көрсетті.
Шара барысында Нариманбек Шолтырұлының «Өмір-дастан» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, оның таныстырылымын мектеп кітапханашысы Әлия Ахметова жасады. Білім ошағының өнерлі өрендері өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды. Соңында Нариманбек Шолтырұлы шараны қорытындылап, ұйымдастырушыларға зор ризашылығын жеткізіп, мұндай үрдістің аудан мектептерінде де жалғасын табуын тіледі.
Айнагүл Шакупова