Аудандық дене шынықтыру кешенінде ардагер спортшы, өлкемізде спорттың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі Қайрлиев Мертай Хамеденұлының 60 жасқа толуына орай волейболдан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды.
Турнирге көршілес Ресей Федерациясы Астрахан қаласының, Атырау қаласының, Исатай, Жылыой, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының командалары қатысты.
Оның ашылу салтанатында алдымен мерейгердің өмір жолының қысқаша таныстырылымы болды. Мертай Хамеденұлы ауданымыздың Морской (қазіргі Мақаш) ауылдық округінде 1963 жылы 3 қаңтарда дүниеге келді. 1970-80 жылдар аралығында К.Маркс атындағы орта мектепте оқып, онжылдық білім алып шығады. Одан соң Гурьев ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп студент атанады. 1981 жылы Отан алдындағы міндетті әскери борышын өтеуге шақырылып, екі жыл Кеңес армиясы қатарында болады. Әскери қызметтен оралған соң техникумдағы оқуын жалғастырып, 1985 жылы техник-механик мамандығын игеріп шықты. Жас маман «Партияның ХХV съезі» атындағы кеңшарға мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Бала кезінен спортқа жақын жүретін Мертай кеңшар жастарының спортпен шұғылдануының, салауатты өмір сүруге талпынуының ұйтқысы болады. Комсомол комитеті жетекшісімен бірлесіп түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырды. Осындай қоғамдық қызметтегі белсенділігін байқаған кеңшар басшылығы екі жылдан соң шаруашылықтың спорт нұсқаушысы қызметіне ауыстырды, бұл салада 1996 жылға дейін абыройлы еңбек етті. 1990-95 жылдар аралығында өндірістен қол үзбей жүріп Атырау педагогикалық институтының дене шынықтыру тәрбиесі факультетін бітіріп шықты. Екінші мамандығы бойынша М.Әуеззов атындағы мектепке жұмысқа тұрды, 2000 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күні бүгінге дейін Еңбекші жалпы орта мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметін атқарып келеді. Волейболдан аудан құрамасы сапында өнер көрсетті, қазірде спорттың бұл түрінен ардагерлер командасының намысын қорғайды. Осы жылдар ішінде бірнеше бесаспап жас спортшыларды дайындап шығарды.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған алғаш қызметтес болған ағасы, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Өтеулиев, сыныптасы, аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Мұфтах Мертай Хамеденұлының тұрғыластары арасында өте белсенді болғанын, спорттың командалық түрлерінен шоқтығы биік тұрғанын, әсіресе волейбол мен хоккейді өте тамаша ойнағанын айтып өтті. Бұдан кейін сөз алған ардагер спортшы М.Ниғметов, Еңбекші жалпы орта мектебі кәсіподақ комитетінің төрағасы С.Қадралиев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Мұқашев құрмет иесі жайлы жақсы лебіздерін білдірді. Аудандық мәдениет үйінің әнші-күйшілері мерейгердің шашбауын көтеріп өз өнерлерін көрсетті.
Алғашқы ойында Атырау қаласы мен Исатай ауданының волейболшылары өзара кездесті. Бірінші кезеңде исатайлықтар ойынды сылбыр бастап қалалықтарды ұпай санымен біршама оздырып алғанымен кейін ширыға түсіп есепті теңестіруге дейін барды. Дегенмен 25:26 есебімен жеңілуге мәжбүр болды, келесі кезеңде де осындай ойын өрнегі қайталанып атыраулықтар жеңіске жетті. Қазіргі уақытта турнир жалғасып жатыр, аудан құрамасы сапында Мертай Хайрлиевтің ұлы Еркебұлан өнер көрсетуде.
Айбек НӘЖІМОВ