Аудан әкімі Абат Жанғалиев құрылыс саласының ардагері Болатбек Мусағалиевті зайыбы Қарлығаш Кенжебаевамен бірге қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, бөлім басшылары, мерейгердің туыстары қатысты.
Құттықтау сөзінде аудан әкімі Абат Сайофоллаұлы:
– Болатбек ағамыздың есімі өздеріңізге жақсы таныс. Ауданымыздағы маңызы зор құрылыстардың бәрін басқарды. Олардың сапалы шығуына, дер кезінде аяқталуына үлкен жауапкершілікпен қарады. Қазір жетпіс жасқа толса да осы саладан қол үзбей жұмыс жасап жатыр. Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында салынып жатқан екі «Жайлы мектептің» құрылысында авторлық қадағалаушы инженер қызметін атқаруда. Келіп жатқан мерейлі жасыңызбен құттықтаймыз. Сіздің ауданымыздың құрылыс саласына сіңірген еңбегіңізді осында қатысып отырған ағаларымыз, әріптестеріміз жақсы біледі, – деп ұзақ өмір, отбасына амандық, деніне саулық тілеп, аудан әкімінің Алғыс хатын, Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының Құттықтау хатын табыс етті.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин:
– Құрылыс саласында жұмыс жасағандардың тентегіне дейін бәрі Болатбек Мансұрұлын қатты сыйлады. Ешкімге дауыс көтермей, үндемей жүріп шаруаны бітіретін. Жақсы басшы болды. ПМК мекемесінде біраз жыл істедік. Кезінде аудан орталығындағы «Құралай» сауда үйінің құрылысын сапалы салып шықты. Риза болған жеке кәсіпкер астына су жаңа «Жигули» мінгізді. Ұлы Жалғас ауданымызда салынып жатқан екі «Жайлы мектеп» жобасының авторы. Қарлығаш екеуіңіз немере-жиеннің қызығына кенеле беріңіздер, – деген ізгі тілегін жеткізді.
Осындай ақ тілектер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов, туыстары мен құдалары Сара Кенжебаева, ұлы Нұрлан, Ерлан Дидарұлы, құрдастары атынан Амин Бисенов тарапынан да арналды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ақын Таңатар Дәрелұлы сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын айтып, мерейтой иесіне шығарған өлеңін оқыды.
Мерейгер Болатбек Мусағалиев:
– Келіп жатқан Наурыз бәріңізге құтты болсын! Өзім құрылыс саласын таңдағаныма өкінбеймін. Осында бірге жұмыс жасаған әріптестерім де отыр. Қолымыздан келгенше елге еңбек еттік. Қазір екі балам осы салада. Бір немерем құрылысшы болғысы келіп жүр, – деп қабылдап, құрмет көрсеткені үшін аудан әкімі Абат Жанғалиевке ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ