Аудандық мәслихаттың депутаттары Дыңғызыл ауылдық округінде еңбек ардагерлері көп балалы аналар Гүлжан Халелова, Дариға Қоданова, Мәншук Әжімеденова, Әсия Дүйсалиеваның отбасында болып, сый-сияпаттар жасады.
Аталған аналардың барлығы да кезінде ел игілігі үшін ұзақ жылдар еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген жандар. Халық қалаулыларының өздерін елеп, құрмет көрсетіп жатырғанына олар шын жүректен ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.
Сонымен қатар, Депутаттар күні аясында округтегі «Айжан» балабақшасының бүлдіршіндеріне ойыншықтар тарту етілді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов:
– Балалар жылына орай осындағы тәрбиеленушілерге аудандық мәслихаттың депутаттар корпусы атынан сыйлығымызды тарту еткелі келдік. Аудан орталығынан қашықтау жатқандықтан кенжелеу қалып қоясыздар. Бүлдіршіндердің барлығына да ұзақ өмір тілеймін! Ертең араларынан үлкен жазушылар, ғалымдар, спортшылар шығары анық. Қазақстанның келешегі осы балалар. Ата-аналарын қуантып аман-есен өсе берсін, - деп шешімін күткен қандай мәселелері барын сұрады.
Кездесуде ата-аналардың тарапынан балаға төленетін төлем жайы қозғалды. Аудандық мәслихаттың депутаты Бержан Кенжебаев осы мәселені субсидия арқылы болса да шешу керек деген ұсынысын ортаға салды. Басқа да халық қалаулылары өз ойларымен бөлісті.
Қанат ҒҰМАРОВ