Аудан әкімі Марат Мурзиев өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан, бүгінде «Құрманғазы сервистік дайындау орталығы» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Бержан Кенжебаевты мерейлі 63 жасқа толуына орай қабылдады.
«Арда туған азаматты үлгі тұтып, оны бағалап, жасаған игі істерін ғибрат етіп, құрмет көрсету – біздің парызымыз» деген аудан басшысы Марат Бисенғалиұлы мерейгердің иығына шапан жауып, жұбайы Сәуле Жаудинаға қамзол кигізді. Калинин атындағы кеңшарда трактор бригадасының бригадирі ретінде еңбек жолын бастаған Бержан Ахонұлы кейіннен ХХV партия съезі атындағы кеңшарда ет өңдеу комбинатының басшысы, «Еңбекші ет кешені» ЖШС директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Қабылдауда аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, «Amanat» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Өмірболат Есенғазиев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах ақжарма тілектерін білдіріп, мерейгердің азаматтық тұлғасы мен іскерлігін баса айтып, лайықты сый-құрмет көрсетті. Еңбекші ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Хамзин ауылдың көркеюі мен тұрғындарының әлеуметтік жағдайына үнемі қарайласып, қол ұшын беруге дайын тұратын жанашыр жанға жерлестері атынан зор ризашылығын айтса, туысы Зинетолла Ақпанов жүрекжарды лебізін білдірді.
Айнагүл Шакупова